• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 31 Тамыз, 2022

Президент Қызылорда облысының әкімін қабылдады

216 рет
көрсетілді

Президент Нұрлыбек Нәлібаевтың аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен даму перспективалары, инвестиция тарту, мұнай қорының сарқылуына байланысты газ өндіру, жаңа геологиялық зерттеу жұмыстары жөніндегі баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімінің айтуынша, 7 айдың қорытындысы бойынша аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалды. Атап айтқанда, былтырмен салыстырғанда тартылған инвестициялар көлемі 111,5 пайызға, өндеу өнеркәсібінің көлемі 105,5 пайызға өскен.

Нұрлыбек Нәлібаев мұнай қорының сарқылуы салдарынан мұнай өндіру көлемінің кемуінің орнын толтыру үшін сейсмикалық барлау және газ қорларын игеру жұмыстары қолға алынғанын хабарлады.

«Инвесторлармен жұмыс қарқын алып келеді. Сіз жүктеген тапсырмаға сәйкес, құны 215 миллиард теңгені құрайтын, қуаты 240 мегаватт жаңа жылу электр орталығы салынып, 2025 жылы тапсырылады. Сонымен қатар жеке инвестор есебінен 11,8 миллиард теңгеге Қызылорда қаласы әуежайының жаңа терминалы 2024 жылы халық игілігіне беріледі деген жоспар бар», деді әкім.

Облыс әкімі Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден артқанын жеткізді. Аймақта суды аз қажет ететін майлы және жемдік дақылдар алқаптарын ұлғайтуға басымдық беріліп, бақша және көкөніс алқаптарының көлемі көбейген. Оның айтуынша, өңірде күріш саласын дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленеді.

Мемлекет басшысы өңірдегі еңбек дауларын шешу мәселесіне назар аударды. Аймақтағы ірі 49 кәсіпорынмен меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта қызметкерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыру көзделген.

Айта кетсек, биыл облыста 9 мектеп, 1 Оқушылар үйі, 2 балабақша пайдалануға беріліп, 11 дене шынықтыру кешені, 6 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр.  

Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне өңірдегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуді тапсырды.