Ауыл шаруашылығының ірі саласының бірі – мал өсірушілердің дәстүрге айналған слеті биыл Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Чапай ауылында өтті. DALASY QAZYNALY QYZYLJAR деген атау алған слетттің Қызылжар өңірін таңдауы тегін емес. Слетке қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Солтүстік Қазақстан облысының мал өсіру бойынша еліміздің алдында келе жатқан өңірлердің бірі екенін айтты.
Жасыл желекті аққайыңдар, көздің жауын алатын толықсыған егіс даласы мен жайнаған көк шалғынға оранған кең далада еліміздің барлық өңірінен келген 200-ден артық мал өсірушілер, мал шаруашылығы мамандары, ғалымдар Тайынша, Аққайың, Қызылжар аудандарының үздік шаруашылықтарының мал өсіру тәжірибелерімен танысты. Соның ішінде «BIOOPERATION» ЖШС, «Emc-agro» ЖШС, «Северный бройлер» ЖШС, «Қызылжар-Сүт», «Иван Зенченко», «Дайындық», «Екпін» агро шаруашылықтарының асыл тұқымды малы мен жабдықтарын, ветеринарлық құралдарын, жем-азық дайындау әдістерін көріп, тәжірибе алмасты. Меймандарды, әсіресе солтүстіктің асыл тұқымды ірі қарасы, жылқысы, қой-ешкісі қызықтырды. Жем-азыққа қосылатын қоспалар, оны дайындайтын техникалар мен ветеринарлық препараттар арнайы көрме арқылы көрсетіліп, әрқайсысының техникалық сипаттамалары таныстырылды.
Таныстырылымдар аяқталған соң Чапай ауылында министр Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі Құмар Ақсақалов және өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары мен мамандары қатысқан республикалық семинар болды. Е.Қарашөкеев алдымен Солтүстік Қазақстан басшылығына мал өсіруші шаруалар үшін пайдалы іс-шараны өткізуге бастамашы болғаны үшін ризашылығын жеткізді.
«Бүгінгі таңда мал өсіру еліміздегі тұрақты түрде дамып келе жатқан сала ретінде сипатталады. Мал мен құс санының тұрақты түрде өсіп келе жатқаны осыны көрсетеді. Сонымен бірге мал өнімдерінің сапасы жылдан жылға артып, өнімділігі көтеріліп келеді. Қазір еліміз өзін өзі сиыр, қой, жылқы етімен және жұмыртқамен толық қамтамасыз ете алады. Соңғы үш жылда құс етінің импортқа тәуелділігін 51 пайыздан 35 пайызға дейін азайтуға қол жеткіздік. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті ең төменгі деңгейге дейін азайтуды жоспарлап отырмыз. Осының бәрі бұл саланы Үкіметтің жылдан жылға тұрақты түрде қолдап келе жатқанының нәтижесінде жүзеге асып отыр», деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Сонымен қатар ол соңғы бес жылда мал шаруашылығына берілетін субсидия көлемінің 60 пайызға дейін артып, биыл 124,5 млрд теңгеге жеткенін тілге тиек етті. Осы субсидия арқылы Солтүстік Қазақстан облысының мал шаруашылығы да жедел дамып келе жатқаны аталып өтті. Әсіресе сүт өндіру жоғары қарқынмен дамып келеді. 2018 жылдан бері 15 мыңнан артық сиыр сауылатын 22 тауарлы сүт фермалары салынды. Осы жұмыстарға 23 млрд теңге инвестиция құйылып, 650 жаңа жұмыс орыны ашылды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің облыста қалай орындалып жатқанына тоқталды. «Облыста биыл 76 млрд теңге құйылған 31 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олар 1 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтыған. Соның ішінде 17 тауарлы сүт фермасы, 6 элеватор және т.б. бар. Өңірімізде жобаларды АӨК арқылы қаржыландырудың қанатқақты бағдарламасы жұмыс істейді. Біз 4 пайыздық өсіммен қайтарымы 2 жылға шегерілген жеңілдетілген несиелер береміз. Соның нәтижесінде соңғы 4 жылда ғана 22 тауарлы сүт фермасы салынды. 2026 жылға дейін 52 ферма салу межеленген. Сонда 1 млн тоннаға дейін сүт өндіретін боламыз», деді облыс әкімі.
Тауарлы сүт фермаларының ашылуының нәтижесінде облыста соңғы 3 жылда сүт өндіру 26 пайызға артты. Сол арқылы сүт өңдеуші зауыттар бұрынғыдан 28 пайызға артық шикізат қабылдады. Сөйтіп, облыс қазір республикада өндірілетін барлық сүттің төрттен бірін өндіреді. Ішкі нарықты ет және ет өнімдерімен толықтыру үшін 13 мың ірі қараға есептелген 2 аса ірі мал бордақылау алаңы құрылды. Еуропа елдерінен 5 мыңға жуық асыл тұқымды етті және сүтті мал басы жеткізілді. Биыл тағы 6 мың бас жеткізілмек, оның 1,7 мыңы қазірдің өзінде әкелінген. Құс етіне деген сұраныстың импортқа тәуелділігін азайту үшін жаңадан 3 құс фермасын салу басталды. Олар жылына 16 мың тонна бройлер етін өндіретін болады.
Қой басын арттыру үшін 5 мың басқа шақталған 3 асыл тұқымды репродуктор ашылды. Бұл жұмыспен «Екпін 2002», «Қаратомар» және «Шуғыла ЛТД» ЖШС айналысады. Жылдың аяғына дейін онда 20 мыңға жуық қой өсірілмек.
Айта кететін болсақ, қазір облыста орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Облыс әкімі биыл 1 млн гектар жерге майлы дақылдар егілгенін айтты. «Осыған егісті әртараптандыру арқылы қол жеткізіп отырмыз. Қазір облыста майлы дақылдарды өңдейтін екі ірі кәсіпорын бар. Былтыр Қазақстандағы ең ірі «Маслодел» зауытының құрылысы басталды. Оны 2023 жылы аяқтау көзделген. Осы зауыт іске қосылғанда барлық майлы дақылдардың 90 пайызын өңдейміз. Бұл жобаға 21 млрд теңге құйылды», деді Қ.Ақсақалов.
Республикалық слет барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарының кейбір басшылары мен мамандары «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен наградталды. Ведомстволық медальдарды 12, төсбелгіні 24 адам алды. Сонымен бірге 49 адам Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды.
Слет барысында асыл тұқымды мал аукцион арқылы сатылды. Бірнеше шаруашылық солтүстікқазақстандық фермерлердің асыл тұқымды малын сатып алды.
Ал слеттің аяқталуына орай облыстың мәдениет және спорт ұйымдары мәдени іс-шаралар мен спорттық жарыстар өткізіп, қонақтарға жақсы демалыс сыйлады.
Солтүстік Қазақстан облысы