Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанда су саласын дамыту қажеттілігіне назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес», деді Мемлекет басшысы.
Ол өз сөзінде елімізде инфрақұрылым әбден тозғанын, сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен екенін атап өтті.
«Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», деді Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.