Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет миллионнан астам азаматтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ететінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Мен келесі жылдан бастап еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыруды бастау туралы шешім қабылдадым. Екі жыл ішінде бүгінде медициналық мекемелері жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жарақтандырылады. Осылайша, мемлекет миллионнан астам азаматтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етеді», деді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында.
Президенттің айтуынша, Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы мекемелер болып қайта құрылады. Сондай-ақ оларда инсульт орталықтары, хирургия, реанимация және оңалту бөлімшелері де пайда болады.
«Бұл төрт миллионнан астам азамат үшін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, телемедицина дамытылады, ол шалғай аудандардың тұрғындарына білікті көмек көрсетуге жол ашады», деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.