Батыс Қазақстанда бір күнде екі жол көлік-оқиғасы болды. Екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 31 тамызда таңғы сағат 06.00 шамасында Озинки – Орал автожолының 10-шақырымында орын алған. 34 жастағы жүргізуші Ford Fusion жүргізіп келе жатып, рөлге ие бола алмай 40 жастағы азаматты қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.
Екінші оқиға сол күні сағат 07.55 шамасында Самара – Шымкент автожолының 446 км-де болған. 46 жастағы жүргізуші Daewoo Matiz көлігін жүргізіп келе жатып, рөлге ие бола алмай, жол жиегіне аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 46 жастағы жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.