Бұрын жолдың сапасына байланысты Үкіметті жиі сынайтын едік. Сөйтсек, атқарылмай жатқан көп шаруаның астарында біз білмейтін сыр көп екен. Алысқа бармай-ақ елдегі жолға назар аударсақ жеткілікті. Біздің Үкіметтің елдегі жолды жөндеуге асықпайтыны да қауіпсіздік мәселесін ойлағаннан секілді.
Елестетіп көріңізші. Тоғызыншы территорияның мына басы мен ана басын жалғастыратын күре тамыр жолдар тақтайдай тегіс. Алтайдан шыққан көлік Атырауға қас қарайғанша жетіп баратындай болса, қызық емес қой. Төрткүл дүние бойынша тоғызыншы аумақты алып жатқан жермен асықпай, емін-еркін жүріп танысып барғанға не жетсін?! Жолдың сапасы нашар болғанының пайдасы бар-ау осындайда...
Қазір қалай? Ұлы даладағы күре тамыр ойқыш-ұйқыш. Құс ұшса қанаты талатын аумақтың бір шетінен екінші шетіне жету оңай шаруа емес. Жеңіл көлік былай тұрсын, жол талғамайтын машиналар да ұшы-қиыры жоқ сайын далада жүйткіп жүре алмайды.
Ол былай тұрсын, кей жолдардың сапасына қарап тіпті шынжыр табанды танкілердің өзі орта жолда жөндеу қажет ететін болар деп ойлайсың. Енді ше, республикалық маңызы бар кей трассалар магистраль деген аты ғана. Әйтпесе, кей жерлерде асфальтты емге таппайтынымызды халық айтып жүр. Республикалық жолдардың жағдайы осындай болып тұрғанда, шалғайдағы ауылдардың ахуалын сөз етудің қажеті шамалы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы жол сапасына ерекше назар аударғаны белгілі. Президент: «Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды», деген еді.
Әлемдік банктің жаһандық деңгейде жол сапасын бақылайтын арнайы рейтингі бар. Соған сүйенсек, Қазақстан 144 елдің ішінде 95-орынға жайғасыпты. Жер-жаһандағы орташа деңгей 4 балл болса, Әлемдік банк тоғызыншы территорияның күре тамырларын 3,6-ға бағалапты. Піл сүйегі жағалауы елі, Камбоджа секілді мемлекеттермен қоңсы қонғанбыз. Ал тізімнің басында Сингапур жайғасқан. Оның рейтингі 6,5-ті құрайды. Сондай-ақ үздік үштікте Нидерланд (6,4) және Швейцария (6,3) тұр.
Деректеріміз тым біржақты болмас үшін басқа да беделді ұйымдардың сайтын ақтарып, халықаралық ұйымдар қазақстандық жолдарды қалай бағалайтынын көрген едік. Ондағы жағдай да мәз емес екен. Мәселен, World Economic Forum жүргізетін рейтингте Қазақстан 115-орынға жайғасқан. Аталған ұйым тоғызыншы территорияның жолдарына 2,6 деген баға беріпті. Бізден кейінгі орындарға Зимбабве секілді африкалық мемлекеттер жайғасқан.
Айтпақшы, жолға қатысты мынандай тағы бір қызық деректі байқадық. Ұлы даланың о шеті мен бұ шетін байланыстыратын жолдардың ұзындығы 95 мың шақырымнан әрең асады екен. Осылайша, еліміз 53-орынға жайғасқан. Тізімнің басында АҚШ тұр. Мұхиттың арғы бетіндегі елде жалпы магистральдардың ұзындығы 7 миллион шақырымға жуық. Сондай-ақ тізімнің жоғары жағында аумағы Ақтөбе облысымен шамалас Вьетнам орналасқан. Аталған елдегі күре тамырлардың ұзындығы 570 мың шақырымнан астам. Көршілес Өзбекстан да жолдарының ұзындығы жөнінен бізден алда тұр. Олар 209 мың шақырымға жол салып, жүргізушілері де жаны қиналмай, жүйткіп жүрген көрінеді.
Мына деректі де айта кеткен жөн. Халықаралық қаржы орталығының есептеулеріне сүйенсек, елімізде темір тұлпар тізгінін ұстағандар орта есеппен сағатына 72 шақырым жылдамдықпен ғана жүре алатын көрінеді. Осылайша, Қазақстан тағы да тізімнің соңғы жағына жайғасқан. Көш басындағы АҚШ-та орташа жылдамдық 107 км/сағ-ты құрайды.
Әрине, тоғызыншы территория кереметтерімен заман талабына сай, уақыт жылдамдығына сәйкес танысқанға не жетсін. Бұрынғы кездегідей жата-жастана танысып, бір ауылдан түстеніп, екінші ауылға қонып, құдайы қонақ болып жүретін заман емес қой. Жол сапалы болса, жол бойындағы қызмет көрсету орындарының да, қонақ үйлердің де, дәмханалардың да сервистік қызметінің сапасы жақсаратыны анық.
...Әзірге жолдың сапасы жағынан Камбоджа мен Зимбабвеге қоңсы қонып отырған жайымыз бар.