• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қыркүйек, 2022

Депутаттар орман өртінен зардап шеккендерге бір күндік жалақыларын аударады

258 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қостанай облысындағы төтенше жағдаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тілсіз жау өңірге айтарлықтай салдарын тигізуде. Тұрғын үйлер, орман мен ауылшаруашылық жерлері отқа оранды. Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелді. Қаза тапқан азаматтың жақындары мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен апатты ауыздықтау үшін Арнайы жедел штаб құрылғаны белгілі. Үкіметке төтенше жағдай салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлу және баспаналарынан айырылған азаматтарға арнап жаңа тұрғын үйлер салу жұмысын жедел бастау жөнінде тапсырма берілді», деп жазды Мәулен Әшімбаев фейсбуктегі парақшасында.

Жазбада апатпен күрес жұмыстарына Парламент Сенаты да өз үлесін қосатыны айтылған.

«Қостанай облысынан сайланған сенаторлар жедел штабтың жұмысына атсалысуда. Сондай-ақ Сенат депутаттары зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударады. Осындай жағдайда бірлігімізді танытып, жұдырықтай жұмылу аса маңызды. Зардап шеккендердің сауығып кетулерін және жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейміз», деді ол.