Елордада Конституция күніне орай атақты күйші Құрманғазы бабамыздың ескерткіші жанында кейінгі жылдары игі дәстүрге айналған IV Күй жәрмеңкесі өтіп, онда елімізге танымал дәулескер домбырашылардан бастап, жас күйшілерге дейін өнер көрсетті. Мазмұнды іс-шараны өткізуге Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқармасы мен Есіл ауданының әкімдігі және «Күй анасы» республикалық қоғамдық қоры ұйытқы болды.
Айтулы күй мерекесі алдымен күй атасының еңселі ескерткішіне гүл шоғын қоюмен басталды. Одан кейін «Күй анасы» қоғамдық қорының төрағасы, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев сөз алып, мәдени іс-шараның маңызына тоқталды.
– Біз бүгінге дейін әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың астанадағы ескерткіші жанында үш Күй жәрмеңкесін өткіздік. Ал биылғы төртінші күй мерекесін «Күй анасы» қоғамдық қорының жанынан құрылған ақсақалдар алқасының шешімімен Құрманғазы бабамыздың ескерткіші жанында өткізуді ұйғардық. Күй десе кез келген қазақ елең ете қалады. Бір жағынан, қазіргі жастарды құр сөзбен тәрбиелеу қиын. Сондықтан атадан балаға жалғасып келе жатқан ғажайып күй өнеріміз арқылы жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты дарыта білсек деймін. Мысалы, бүгінгі іс-шараға қатысуға, тыңдауға келген көптеген жасты көріп, көңілім толып отыр. Осының өзі алға қойған мақсатымыздың аз да болса орындалғаны деп білемін, – деді ол.
Айта кетейік, бүгінде республикалық «Күй анасы» қоғамдық қоры біраз игі істерге мұрындық болып жүр. Осы қордың бастамасымен танымал шеберлер жасаған 185 домбыра өнер мектептеріне тегін таратылды. Сондай-ақ Төлеген Қуанышев өз сөзінде Дина Нұрпейісованың бас қаладағы ескерткіші жанынан «Күйшілер» аллеясын ашып, сол жерге белгі тас қойып, оған төл өнеріміздің дамуына зор үлес қосқан даңқты күйшілердің есімін жазып қоюды жоспарлап отырғанын жеткізді. Одан соң белгілі күйші, өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған Құрманғазы бабамыздың өмір жолы мен мұрасы туралы парасатты ой өрбітті.
Қазақтың рухын күймен тербеген жәрмеңкені Тұрар Әліпбаев, Анар Мұздаханова, Нұрлан Бекенов секілді айтулы күйшілер бастап, оны әрі қарай жас талантты домбырашылар қостап, күй атасының рухты, отты, екпінді күйлерімен елорда аспанын күмбірлетті. Іс-шара барысында ұлттық дәстүріміздің тамаша үлгілері де ұмыт қалмады. Мәдениет қайраткері, дирижер Нұрлан Бекенов қазақы жөн-жобамен Аслан есімді жас балаға домбыра сыйлады.
Сонымен қатар мазмұнды мереке күйшілердің күй тартысына ұласып, оған көрермендер арасынан да азаматтар қатысып, Құрманғазы бабамыз бен басқа да тарлан күйшілердің туындыларын төгілтіп, күйге сусап жүрген қауымның құмарын қандырды. Күй тартысында оза шапқан күйшіге үкілі домбыра табыс етілді.