Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында құрылыс мәселесін де көтерді. Әсіресе баспана мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевпен Мемлекет басшысы айтқан негізгі ойлар төңірегінде сұхбаттастық.
– Президент Жолдауда ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие екенін, бұл сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын беретінін айтты. Сіздіңше, дәл қазір отандық құрылыс саласында қандай проблемалар бар? Қандай жетістіктер бар?
– Құрылыспен қоса-қабат жүретін транспорт, азық-түлікпен қамтамасыз ету, одан бөлек түрлі қызмет көрсететін секторлар бар. Соның бәрін қосқанда құрылыстың экономикадағы үлесі 10 пайыздан асып кетеді. Қандай проблема бар дегенге келсек, бірінші кезекте қымбатшылықты айтамыз. Пандемиядан бері құрылыс материалдары қымбаттап, соның салдарынан құрылыстың өзіндік құны да шарықтап өсті. Қазір Үкімет тапсырысымен жұмыс істеп жатқан компаниялар қымбат смета бойынша ақшаларын ала алмай жатыр. Орталық органдар жергілікті атқарушы билікке сілтейді, ал бізде 20 өңірдің тек төртеуі ғана – донор, өзгелері орталықтың бюджетіне тікелей тәуелді.
– Күзде елдегі құрылыс компанияларының 15-20 пайызы банкротқа ұшырайды деген болжам бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?
– Бұлай болжам жасауға себеп бар. Әуелі пандемия салаға үлкен соққы болып тиді. Кейін оған геосаяси жағдай қосылды. Логистикалық тізбектердің бұзылуы біраз нысанның құрылысын тоқтатып, тоқыратып тастады. Қымбатшылық өз алдына. Бұдан бірінші кезекте құрылысшылар ұтылды. Пайда көрмеген соң олар дами алмайды. Қаншама потенциалды қосымша жұмыс орындары ашылмай қалды. Негізі қымбатшылықтан алдын ала құтылып кетуге болушы еді. Біз құрылыс заттарының 60 пайызын сырттан әкелеміз. Себебі отандық өндіріс жеткілікті деңгейде дамымаған. Ресми ақпар бойынша, құрылыста пайдаланылатын материалдардың 53 пайызын өзіміз шығарамыз, алайда олардың сапасы аса жоғары емес, саны да аз. Сондықтан материалды сырттан тасуға мәжбүр боламыз. Үкіметтің дұрыс саясат ұстанбауы осыған әкеліп отыр. Негізі әр министрлік, әр комитет өз саласы бойынша өндіріс бағдарламасын жасауға тиіс. Мысалы, 2012 жылы индустриалдық бағдарламаны қабылдадық. Бірақ ол жарым-жартылай ғана орындалды. Өйткені бұл бағдарламаның ауқымы тым кең болды. Ал ең абзалы – дифференциалды саясат ұстана отырып, әр салаға тән өндірістік жобаларды қабылдау қажет еді. Сонда экономикамызды көтеру жеңілдейді. Әрине, пайда таппағаннан кейін көп компания саладан кетеді. 15 пайыз бер жағы ғана, тіпті одан да көп көлемде компания нарықтан кетуі ықтимал. Соның салдарынан қаншама адам жұмыссыз қалады, бұл әрі қарай әлеуметтік тығырыққа әкеп тірейді.
– Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022-2025 жылдары 62 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспары бар екенін хабарлады. Бұл ретте 5 201 нысанның 2 137-сін мемлекет қаржыландырады. Құрылыстағы мемлекет үлесін азайту керек пе, әлде мемлекеттің бұл секторға араласуы қалыпты құбылыс па?
– 2023 жылы біз 18 млн шаршы метр тұрғын үй салып, тапсыруымыз керек еді. Жаңа қаулыға сәйкес (62 млн шаршы метр – ред), жыл сайын 15 млн шаршы метр салынып отыруға тиіс. Сонда 18 миллионнан 15 миллионға қысқартайын деп тұрмыз. Ал жоспар бойынша 2024 жылы 20 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылуға тиіс болған. 15 млн шаршы метрдің 40 пайызын жеке үй құрылысы құрайды. Мұндай жер үйді адамдар өздері ақша тауып, өздері салады. Оған мемлекеттен бір тиын берілмейді. Сондықтан жеке үй құрылысы мемлекеттік бағдарламаның статистикасына кірмеуге тиіс. Ал нарықтағы коммерциялық құрылыс үлесі – 45 пайыз. Ал мемлекеттік тапсырыс үлесі – 15 пайыз. Біз бұл жерде тек баспана құрылысы туралы ғана айтып отырмыз. Сонда бәрін қосқанда 100 пайыз шығады. Сонда 15 млн шаршы метрдің 2 млн-ы ғана мемлекеттің тапсырысымен салынады.
Әлбетте, экономикадағы мемлекет үлесінің азайғаны жақсы. Өйткені әлем тәжірибесі бойынша әкімшілік нарыққа көп араласса, нарықтағы тепе-теңдік бұзылады. Нарық сұраныс пен ұсыныс негізінде өз бағасын өзі қалыптастыруға тиіс.
– Президент сәулет-құрылыс қызметін сынға алып, Үкіметке қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырды.
– Президенттің дәл осы мәселеге назар аударғаны дұрыс болды. 2012 жылдан бері осы мәселені айтып, талқылап келе жатырмыз. Бір-біріне қайшы кеп тұрған заңдар әбден ескірді. Олар заман талабына жауап бере алмайды. Кодексті қабылдамас бұрын тиісті қауымдастықтарды, қоғам өкілдерін шақырып, бірлесіп талқыласа дұрыс болар еді.
– Осы күзде үй бағасына қатысты болжамыңыз қандай? Әзірге сатып алу-сату мәмілелері азайғанымен, үй бағасы төмен түспей тұр. Қымбатшылық келесі жылы да жалғаса ма, әлде баға төмендей ме?
– Құрылыс материалдарын өзіміз өндірмейінше, шетелдік импорт үлесін айтарлықтай азайтпайынша, біз қымбатшылықтан ешқашан қашып құтыла алмаймыз. Сонымен қатар теңге нығаймайтын болса, инфляция төмендемейтін болса онда шаршы метр құны да өсе бермек. Құрылысшыға да тұрақтылық керек. Егер құрылысты бастағанда және аяқтағанда баға бір болса, онда ол пайда көре бастайды. Теңгенің курсы 2015 жылғы 182-ден 500-ге дейін көтеріліп кетті. Бұрын банктер құрылыс саласына несие беруші еді, пайызы қымбат болса да. Қазір ол да тыйылды. Жалпы, баспана қымбатшылығы келесі жылы да жалғаса береді. Шамамен баға 10-15 пайызға көтеріледі деген болжамымыз бар.
Әңгімелескен
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»