«Сықиған СҚ»... «Социалистік Қазақстан» кезінде біздің газетке жамылатын атаулардың бір сипаты осылай болып келетін. Мемлекетіміз халықтың мемлекетіне айнала бастағанын мойындамайтындардың, БАҚ атаулы билік біткенге қалайда оппозицияда тұруға тиіс деп санайтындардың санатынан қазір де біздің басылымды «өкіметтің газеті» деп сөйлейтіндер табылып қалады. Жұрттың бәрі бірдей жапа-тармағай оқи бермейтін болғандықтан басқа газеттер басуды ойына да алмайтын сала құлаш заңдарды бет-бет етіп жариялап жататынымыз рас, билік тынысын танытатын ресми дүниелерге тиісінше орын беріп тұратынымыз да рас, шенеуніктердің аз ғана бір бөлігінен басқа жан баласына қажеті жоқ «Бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурстар туралы хабарландыруларға» да орын табуға тиісті екеніміз және рас. Онсыз болмайды да. Бір жағынан, мемлекет саясатын ұғындыру міндетін елдің бас басылымы мойнына алмаса басқалар мұны атқармайтыны айдан анық. Екінші жағынан, мұның өзі газеттің оқырман үшін тартымдылығын төмендетуі мүмкін екендігін ескермей тағы тұра алмаймыз».
Бұл жолдарды «Етжеңді» «Егемен Қазақстан» - 2001» жинағына алғысөзімізде жазған екенбіз. Газетті оқырманға жақындата түсудің жолдарын қарастыратынымызды айта келіп, «Осы орайда жасалып жатқан шаралардың арасынан жұртшылық ай сайын соңғы аптаның сәрсенбісінде тағатсыздана тосатын «етжеңді» нөмірлерді алдымен айтуға болар еді» дегенбіз сонда. Одан бері де аттай зулап он төрт жыл өте шықты. Бұл кезеңде «етжеңді» елмен әбден етене болып, басылымның оқылымдылығын анағұрлым арттыра түсті. «Егемен Қазақстан» таралымының бүгінде 200 мыңнан асып кетуінде айтары мына өмірде қам-қарекеті бір бітпейтін де қоймайтын қым-қуыт тіршіліктің аумағынан асып, кешегімізді, бүгінімізді, ертеңімізді бағамдайтын, ой-өрісімізді кеңейтіп, бой-өремізді биіктететін тұрлаулы тақырыптарды алтын арқау етуші осындай нөмірлердің үлесі үлкен. Ел өңірлеріндегі оқырмандармен кездесулер кезінде «Етжеңдіні» неге жиі шығармайсыздар? Айдың соңғы сәрсенбісін күтіп жүреміз» деген сыңайдағы тілектерді де талай естігенбіз. Енді, міне, қалың жұртшылықтың сол ұсынысын да жүзеге асырудың сәті түсіп отыр. Бүгіннен бастап Сіз, қадірменді оқырман, газетіміздің «етжеңді» нөмірлерін екі рет сәрсенбінің сәтінде – ай ортасында және айдың соңғы аптасында қолға алатын болдыңыз. Бұл нөмірлер де, әрине, бас газет қамтитын, қамтуға тиісті күнделікті көкейкесті мәселелерді атымен айналып өте алмайтыны анық, өзге жұмысымызды жөндем жүргізуге жағдай жасайтын жарнаманың жәрдемінен де бас тартатын жайымыз және жоқ. Соның өзінде де «етжеңді» нөмірлердің танымдық журналистика қағидаттарына құрылған болмыс-бітімі, тартымдылықты, қызықтылықты алдымен қамдайтын қалпы, газеттің өзін жата-жастана оқитын қазақы өлшемге есеппен кеңдеу пішілген беттелу мәнері еркіндеу тақырыптарға ендеп енуге мүмкіндік берері күмәнсіз. Сөз соңында бұдан былай айына екі рет шығатын «етжеңдіге» иелік ететін «Руханият» шығармашылық тобына тікелей басшылық жасау акционерлік қоғамның вице-президенті – бас редактор, қазақтың көрнекті қаламгері Жанболат Аупбаевқа жүктелгенін қоса айтпақшымыз.
Сөйтіп, енді «етжеңді» елмен етелене түспекші. Оның қадамы қайырлы боларына сенеміз. Өйткені, біз оқырмандарымыздың қазақ тарихындағы тағылымды жайларға қаныққысы келетініне, Алаш ардақтыларының ғибратты ғұмырына перзенттік жүрекпен көңіл бөлетініне, әлемдегі, елдегі елеулі үдерістердің мәніне азаматтық белсенділікпен қызыға беретініне сенеміз. Қызықты мақалаларын дәмді дүниелерінің 200 мыңнан астам оқырманға жетуіне жағдай жасайтын «Егемен Қазақстанға» ұсынатын авторлар қатарының қалыңдай түсетініне де сенеміз. Алашқа айтары бар азаматтардың бәрін редакциямен тығыз байланысқа шақырамыз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.