Қостанай облысындағы алапат өрттің салдары Ақмола облысы тұрғындарының да қабырғасын қайыстырып отыр. Ежелден «көрші ақысы – тәңір ақысы» деп түсінетін өңірдің тұрғындары көмек қолын созуда.
Amanat партиясының облыстық филиалы мұрындық болып, ізгі іске жұрт жұмылып кетті. Әсіресе халық қалаулылары мен партияның бастауыш ұйымдары осы бір сын сағатта бірліктің мықты, ниеттің ізгі екендігін таныта білді. Әп сәтте жанды жанашырлық жайлы құлақтанған халық қолда барымен бөлісіп, осы қажет болады-ау деген заттарды жинастырып жатыр.
Әулиекөл өңірінің тұрғындарына 8 жүк көлігіне тиелген 15 тонна азық-түлік, жылы киім-кешек тәрізді күнделікті өмірге аса қажетті заттар жиналып, гуманитарлық көмектің алғашқы легі аттандырылды.
Өңірдегі белсенді азаматтар да әлеуметтік желі арқылы бастама көтеріп, жұртымыздың жақсы қасиеті – қайырымдылық хақында ой қозғауда. Бірлігі бекем елдің осы бір тірлігі қашанда көңілге демеу.
Ақмола облысы