Ақмола облысындағы алтын шығаратын Жолымбет фабрикасында Доре құймалары түріндегі алғашқы жүз килограмм алтын шығарылды. Фабрика айтарлықтай модернизацияланып, алтынқұрамды кен өңдеу цехының құрылысынан кейін іске қосылды. Бүгінде бұл кенді де, техногенді-минералды түзілімдерді де өңдеп, Доре құймаларын шығаратын екі цехтық зауытқа айналды.
«Қазақалтын Technology» ЖШС фабрикасы техногенді-минералды түзілімдерді қайта өңдеу мақсатында 2017 жылы салынған. Техногенді-минералды түзілім дегеніміз – Жолымбет алтын кен орнындағы байыту фабрикасын пайдаланған алпыс жыл ішінде жинақталған өндіріс қалдықтары. Бұл қалдықтар өңделген соң, қазіргі экологиялық заңнаманың талаптарына сай қайта орналастырылды.
Фабрика техногенді-минералды түзілімдерді өңдеуді 2021 жылы аяқтады. Құрамына «Қазақалтын Technology» ЖШС кіретін «Алтыналмас» компаниясы шикізат біткенде фабриканы жабудың орнына алтынқұрамды кен өңдеу мақсатында модернизациялау туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ өндіріс қалдықтарында тереңірек орналасқан қымбат металды шығару үшін техногенді-минералды түзілімдерді қайта өңдеу туралы шешім қабылданды. Екінші фазаны, яғни жылдық өнімділігі 4 млн тонна болатын цехты іске қосу жұмыстары 2022 жылдың сәуірінде басталып, шілде айында аяқталды. Биыл 450 килограмм алтын шығару жоспарланған.
Кәсіпорын өндірісті кідіртпестен 18 ай бойы модернизацияланды. 2021 жылдың қарашасында жылдық өнімділігі 650 мың тонна болатын кен өңдеу цехын іске қосу және жөндеу жұмыстары басталды, олар осы жылдың қаңтарында аяқталды. Өткен жылдың желтоқсанында конвейерден алғашқы құйма шықты. Ал биыл кәсіпорын 710 кило алтын шығаруды жоспарлап отыр.
– Техногенді-минералды түзілімдерді өңдеу фабрикасының бұрынғы өндірістік қуаты жылына 2,25 млн тоннаны құрайтын. Модернизациялаудан кейін фабрикасының жылдық қуаты 4 млн тоннаны, ал кен өңдеуде 650 мың тоннаны құрады, – дейді «Қазақалтын Technology» ЖШС Жолымбет филиалының директоры Еділ Отынбаев.
Жұмысты бастамас бұрын қоршаған ортаға тиетін әсерге кешенді бағалау жүргізілген. Ол жұмыс істеп тұрған «Қазақалтын Technology» ЖШС өндірісін модернизациялау салдарынан қоршаған орта жағдайы өзгермейтінін көрсетті. Атап айтсақ, алтын шығаратын фабрика технологиялық схемасында су ресурстарын пайдаланудың тұйық циклі көзделген, ал өндірістік ағындылар жер бедеріне ақпайды.
Жаңартылған фабрика қауіпсіз өндірістің барлық нормасы мен стандартына сай және заманауи жабдықталған. Кәсіпорында тек осы жылдың өзінде жаңа 75 жұмыс орны ашылды.
– «Алтыналмас» – алтын өндірісінде техногенді-минералды түзілімді қайта өңдеу технологиясын қолданатын Қазақстандағы жалғыз компания. Фабриканы модернизациялаудағы басты артықшылық – жаңадан құрылған жұмыс орындары және бюджетке түсетін қосымша салық. Сенімді инженерлік жүйелерді пайдаланып, цифрлық шешімдерді енгізгендіктен, фабрика ұжымы қауіпсіз әрі жайлы жағдайда жұмыс істейді, үздіксіз дамиды және жаңа технологияларды игереді, – дейді «Алтыналмас АК» АҚ басқарма төрағасы Дияр Қанашев.
Модернизацияланған фабрикаға арналған кен жақын маңдағы Жолымбет кенішінде өндіріледі. Осылайша, фабриканы модернизациялау нәтижесінде, Жолымбет кен орнының кен өңдеу көлемі артты. Техногенді-минералды түзілімді қайта өңдеу цехындағы соңғы өнім – алтынқұрамды көмір. Ол «Алтыналмас АК» АҚ Ақсу алтын шығару фабрикасына жіберіледі. Кен өңдеу цехында алтын-күміс құймалар түріндегі Доре қорытпасы өндіріледі.