Білім күнінде Батыс Қазақстан облысындағы оқушыларды мектепке тасу үшін су жаңа 9 автобус тарту етілді. Алдағы екі ай ішінде барлығы 56 автобус балалар игілігіне берілмек.
Бұл автобустар ауылдық жерде тұратын, мектепке бару үшін алыс жол жүруге тура келетін оқушыларға арналған. Балалар жылына орайластырылған игі іс республикалық бюджеттік комиссиясының шешіміне сәйкес атқарылып отыр.
Өңірде өз мектебі жоқ 73 елді мекенде 4 062 бала тұрады. Олар білім алуы үшін күн сайын әр жердегі 56 мектепке көлікпен жеткізіледі. Міне, осы балаларды тасымалдау үшін лизинг арқылы жаңа автокөліктер алынған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Еліміздің ертеңін қалайтын жасөспірімдердің сапалы білім алуы және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Осы орайда, оқушыларды мектепке күнделікті тасымалдауды сапалы ұйымдастыру және автокөліктерді жаңарту мақсатында облысқа жаңа 56 автобус беріледі. «ПАЗ» маркалы автобусын Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Қазталов, Сырым аудандарының мектептеріне салтанатты түрде табыстаймыз. Жаңа көліктер оқушыларымыздың игілігі үшін қызмет етсін! Оқу жылы табысты болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Бүгінде жаңа автобустардың екеуі Сырым және Жаңақала аудандарына жеткізілді. Бәйтерек және Ақжайық ауданына – екеуден, Қазталов ауданына үш автобус бұйырды. Бұл – 21 орындық ПАЗ маркалы автокөліктер.
– Автобустарды лизинг арқылы сатып алу үшін жалпы көлемі 2 млрд 799 млн 599,7 мың теңге бөлінді. Қалған 45 автобус қарашаның аяғына дейін жеткізіледі деп жоспарлануда, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Луара Батырғалиева. Айта кетейік, мектеп жасындағы балаларды тасымалдауға арналған бұл автобустар 56 мектептің құзырына беріледі.
Батыс Қазақстан облысы