Бір жапырақ қағазға жазылған соңғы сөз. Екі дүниенің арасындағы шешуші сәт. Үш ұйықтаса түсіне кіріп көрмеген мәжбүрлі шешім. Төрт құбыласы түгел болмағандықтың салдары. Бес күн жалғандағы бақытсыздық. Алты банктен алған несие. Жеті жастағы ауру баласының жан қиналысы. Сегізінші қабат. Қош бол, өмір...
Жетінші қабатта орналасқан кабинетімнің терезесінен төменге көз тастап, қоғамның қотырына айналған суицид туралы тағы да ойға алдық. Өзіне қол жұмсаған адам «ақтық шешімді» қабылдау үшін қанша уақыт ойланғанын кім білсін, біз біраз ойландық. Көпшілік ұқсап даттауға емес, «мәжбүрлі таңдауға» жеткізбеудің жолын іздеуге тырыстық.
Статистикалық деректерді сапырып ми ашытқымыз жоқ. Еліміздегі суицид хақында интернеті дұрыс жұмыс істемейтін ауылдағы қарапайым тұрғынның өзі сайрай жөнелер. Ауыл демекші, шалғай елді мекендерде тағдыр тауқыметіне тап болғандардың өз қорасында асылып қалу оқиғалары аз емес. Қатардағы адамның бірі болғандықтан мұндай жағдайлар ауылдың сыртына шыға қоймайды. Ал лауазымды тұлғалардың өзіне қол жұмсауы, әскердегі суицид, шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен секіру деректері елді елең еткізіп, әлеуметтік желіде желдей есіп тұр. Мамандар да Қазақстандағы суицид статистикасына сенуге болмайтынын алға тартады. Себебі біздің қоғамда өз-өзіне қол салғандарды немесе соған әрекеттенгендерді айыптап, сыртынан ғайбаттау көп. Мұны ескерген марқұмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыстырмауға тырысады. Демек, кей деректер арнайы статистикаға ілінбей қалады деген сөз.
Алматыда тоғызыншы қабаттан 3 баласын құшақтап төменге құлдилаған ананың әрекетін ұмыта қойған жоқпыз. Жуырда сол шаһарда жаман ауруға шалдыққан 26 жастағы бойжеткен 25-қабаттан секіріп кетті. Анығы сол, өз-өзіне қол жұмсаудың себебі көбіне әлеуметтік проблемалармен байланысты. Қарны тоқ, көйлегі көк адамдар суицид жасағандардың әрекетін түсінбеуі мүмкін. Түсінбейді де. Өзіңізге сұрақ қойып көріңізші. Жүйкеңіз қаншалықты мықты? Ауыр сынаққа сынбай, соңына дейін күресе аласыз ба? Сәл де болсын ойланып қалған шығарсыз...
Адамның жаратылысы қызық ғой. Осы әр адамның ішінде суицидтің дәнегі жататын сияқты. Сабыр сақтап, қиын сәттерге төзе білсең дәнектің әлегі жоқ. Керісінше, ашуға бой алдырып, сынаққа сынып, жақсылықтан күдер үзсең, дәнек тамыр жайып, сенің қиналғаныңнан нәр алып, түбіңе жететіндей көрінеді. Суицидтің дәнегі толық піскенде ақылыңнан адасып, шешуші сәт тақалғанын да сезбессің. Тіпті өзіңе қол жұмсау үшін мас болудың да, есірткіден дәм татудың да қажеті болмай қалады. Әрине, біздікі болжам һәм пайымдау ғана.
Сонымен, кеселмен күресу үшін не істеу керек? «Жұрттың баласын қарашы» деп өзгемен салыстыруға асықпыз ғой. Байқайсыз ба, осы шетелде психолог мамандардың мәртебесі биік. Әр отбасының жеке психологі бар. Кез келген стрестік жағдайда солардың көмегіне жүгінуге тырысады. Айтқанын бұлжытпай орындайды. Сенеді, сөйтіп, бар қиындықты жеңіп шығады. Жоғарыда өз-өзіне қол жұмсаудың себебі көбіне әлеуметтік проблемалармен байланысты екенін жаздық. Шын мәнінде, елімізде суицидке итермелейтін негізгі себеп – жалғыздық екен. Бұл – депрессияның белгісі. Яғни бізге психологтердің жұмысын оң жолға қою керек сияқты. Жасыратыны жоқ, мектептегі психологтер балалармен жүйелі жұмыс істеп жатыр деуге сену қиын. Әрі кетсе психологиялық тест алар. Соның негізінде жүйке жүйесі әлсіздеу оқушылармен жұмыс істер. Бәлкім, оларды да кінәлап керек емес шығар. Сағаты аз болуы мүмкін. Мектепті бітіргеннен кейін психологпен әскерге шақырғанда ғана жолығасың. Кейін тіс дәрігеріне, көз дәрігеріне барармыз, бірақ психологтің табалдырығын аттап баспайтынымыз өтірік пе? Сіркеміз су көтермей жүретіні де содан ба екен? Психолог десе, тізеден балғамен соғатын адам елестейді өзі. Психологпен сырыңды бөліскен қайсыңыз бар, кәне? Мықты психологтер жоқ деп ақталуымыз мүмкін, мемлекет шеңберінде осы мәселені қолға алса суицидпен күресу оңайға соғар ма еді?!
Мемлекеттің байлығы – адам. Олай болса, әр тағдыр маңызды. Әлеуметтік қиындыққа тап болған отандастарымызды отқа тастап, бейжай қарап отырғанымыз жарамас.
Тұман ойдың жетегінде жүргендер қоғамнан оқшауланып, сыр бермейді де. Біз де көңілсіз жүрген адамның жағдайын сұрамайтын болдық ғой. Тіпті жақын туыстың амандығын білуден қалдық. Суицид жасағандарды кінәлаймыз, тамшыдай болса да қоғамның да кінәсі бар-ау... Ал сіз соңғы рет жақын туысыңыздың амандығын қашан сұрадыңыз?