• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қыркүйек, 2022

Министрлік биылғы астық түсіміне болжам жасады

503 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек ОКҚ брифингінде биыл қанша астық жинау жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әбілқайыр Тамабек облыс әкімдіктерінің деректерін келтіріп, жалпы түсімнің болжамды көлемі 18,3 млн тонна, оның ішінде бидай 13,4 млн тоннадан асатынын хабарлады.

«1 тамыздағы жағдай бойынша республикада 3,1 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы бар, оның ішінде 2,5 млн тонна бидай бар», деді вице-министр.

Оның айтуынша, ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа өткізу және тиісінше дәстүрлі нарықтардағы сауда позициясын сақтау үшін жеткілікті.

«Биылғы жылдың қолайлы жағдайлары егін жинау жұмыстарын уақытылы бастауға мүмкіндік берді және бүгінгі күні республика бойынша барлығы 9,2 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Бұл 57,8%-ды құрайды. 12,0 ц/га орташа өнімділік кезінде 11,2 млн тонна астық бастырылды», деп қосты Әбілқайыр Тамабек.

Ол осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 млн гектарды құрағанын, оның ішінде дәнді дақылдарды жинау алаңы 16,1 млн гектарды құрайтынын атап өтті.

«Жаппай егін жинау республиканың барлық өңірлерінде басталды. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикада 147,7 мың трактор, 38,1 мың астық жинайтын комбайн, 13,3 мың дестелегіш, 73,4 мың трактор тіркемесі бар. Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін шаруаларға 423,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді», деп толықтырды спикер.

Операторлардың шығындарын ескере отырып, аграршылар үшін дизель отынының орташа бағасы литріне 203 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15-20%-ға арзан.