• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қыркүйек, 2022

Өртті өршітпей өшірді

237 рет
көрсетілді

Күннің аптап ыстығы әлі де басылмай тұрған Түркістан облысында жаз бойы дала өртінің орын алу жоғары қаупі сақталды. Күздің алғашқы күндері де бұл қауіп сейілмей тұр. Жуырда облыста 10 гектар жерде құрғақ шөп пен бұта өртенді. Дала өрті 8 сағат ішінде сөндірілді. Тілсіз жаумен күреске 70 адам және 8 бірлік техника жұмылдырылды.

Мамандар өртті сөндіру барысында жайсыз метеожағдай кедергі келтіргенін айтуда. Жыл­дамдығы 25 м/с-тан асатын қатты жел тұрғандықтан, өрт үлкен аумаққа тез жайылған. Қаза бол­ғандар мен зардап шеккендер жоқ. Облыс аумағында өрт қа­уіпті аймақтарда кезекшілік ұйым­­дастырылған. Жалпы, Түр­кістан облысында жыл басынан бері 289 өрт оқиғасы болған. Салдарынан 6 адам қаза болып, 5 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жет­кізілген. Жалпы, сомасы

1 млрд 63 млн 838 мың тең­ге болатын ма­териалдық шы­ғын келген. «Өрт шық­қан орын­дар бойынша ең жоғары көр­­сеткіш тұрғын үй секторында тір­келіп отыр. Облыс аума­ғында 184 үйде өрт болған, 53 көлік өртенген. Қалған өрт­тер өндірістік ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру ме­кемелерінің ғима­раттары мен әкімшілік-қоғамдық нысандарда болған. Сондай-ақ ауыл шар­­уашылығы, денсаулық сақ­тау объектілері мен сауда орын­­­да­рында, тауар сақтау қой­­мала­рын­да тіркелді», деді өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен бри­фингте тө­тен­­ше жағдайлар департаменті бас­­тығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Айта кетелік, жаздың соңында Жетісайдағы «Күлпаршын» базарынан өрт шығып, салдарынан 450-ге жуық кәсіпкердің заттары толығымен жанып кеткен еді. Өрттің шығу себебін анық­тау мақ­са­тында жүргізілген тек­серу барысында заң бұзу­дың 9 фактісі анықталған. Осы­ған орай Жетісай ауданы про­ку­ратурасының ұсы­нысы бо­йынша базар иесіне ес­керту түрінде әкім­шілік шара қол­да­нылды. Бүгінде «Күлпар­шын» базары өрт қалдықтарынан тазартылып, жаңа нысанның құ­рылыс жұ­мыстары жүргізілуде.

 

Түркістан облысы