Ақтаудағы Halyk Arena спорт кешенінде футзалдан Қазақстан суперкубогының иегері анықталды. 1 600 көрермен тамашалаған финалдық сайыста Алматының «Қайраты» мен Рудныйдың «Аят» клубтары күш сынасты.
Осымен 10 мәрте жалауы желбірген жарысқа қос команда да өте жақсы даярлықпен келген екен. Алғашқы он минутта олар аңдасып қана жүрді. Тек «Аяттың» сапындағы бразилиялық легионер Леандриньо гол соққаннан кейін ғана ойын қатты қызды. Арада алты минут өткеннен соң дәл сол ойыншы екінші рет нысананы дәл көздеді. Бірінші кезең рудныйлықтардың басымдығымен аяқталды. Үзілістен кейін «Қайрат» «қаһарына» мінді. Екінші тайм басталған бетте олар қатарынан үш рет мергендік танытты. Бұл голдардың авторлары – Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов және Шығыс Есенаманов.
Айналдырған екі минут аралығында үш рет допты торда тулатқан алматылықтар одан кейін де қарқындарын еш бәсеңдеткен жоқ. 33-минутта Ақбалықов нысананы дәл көздеді. Кездесу аяқталуға таяғанда Антон Рындин есеп айырмашылығын қысқартты. Алайда одан әріге «Аяттың» әлі жетпеді. Сөйтіп, Алматының «Қайраты» жетінші мәрте Қазақстан суперкубогын иеленді.
Сондай-ақ кеше Ақтауда Қазақстан кубогы басталды. Бұл жарыс жаңа форматта өтуде. «А» тобында «Каспий» (Ақтау), «Қайрат» (Алматы), «Астана» (Нұр-Сұлтан) және «Рахмет» (Ақтөбе) өнер көрсетсе, «В» тобында «Атырау», «Ақтөбе», «Аят» (Рудный) және «Байтерек» (Орал) шеберлік байқасуда. Топтық турнир 10 қыркүйекте өз мәресіне жетеді. Ал жартылай финалдық және финалдық бәсекелерді желтоқсанда тамашалаймыз.