• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қыркүйек, 2022

Балғындарды баптайтын ыстық ұя

214 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Балалар жылын жариялаған болатын. Заманында Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, «баланы бұзуға да, түзеуге де себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» екендігі де рас.

Облыс орталығындағы Bolashaq Saraiy мекемесі аз ғана уақыттың ішінде өнегелі тәрбие мен берік білімнің ошағына айналып үлгерді. Сәл таратып айтсақ, бүгінде спорт, медиа, шығармашылық, ғылыми-интеллектуалдық, ІТ бағыттары бойынша 3 500-ден астам бала 130 түрлі үйірмеде өздерінің жүрек қалаулары бойынша балауса бойларындағы білімдерімен бүр жарып келе жатқан қабілеттерін жетілдіріп, алысты аңсап қанаттануда. Бір айта кетерлігі, бала жанын баурап, болашақтың сара жолын нұсқайтын, аяулы армандарына қанат бітіретін үйірме жетекшілері жоғары білімді, өз мамандықтарының нағыз майталмандары. Бәлкім істің алға басуы да, ортақ мұраттың орындалуы да осыдан шығар. Сөзімізге дәлел ретінде шәкірттердің аз уақыт ішінде толымды табысқа жетіп, әлемдік додаларда топ жаруын айтуға болады. Bolashaq Saraiy ұйымында оқушылар тек қана қосымша білім алумен шектелмейді, олар жан-жақты пікір алмасып, білімдерін бүрлеп, республикалық және халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып, шығармашылық шабыттарының шырағданын жағуда. Бір жақсысы, пейілі құлаған, болашақта өздеріне қажет болатын мамандықтарын таң­дауға да бағдар береді. Қазір олар жандарына жақын мамандықтардың қыр-сырын тереңнен зерттеп, оқуға мүмкіндік алып отыр. Радио саласын, камера, дыбыс жазу, сурет салу тәрізді бейімділіктерін жетілдіріп, әрқилы көрмелер мен жарыстарға қатысуда.

Оқушылардың дүние-танымын кеңейтіп, ой-өрісін дамытуға көмектесетін айрықша мәнді құндылықтың бірі – кітап. Мұнда соңғы технологиямен жабдықталған кітапхана бар. Бір жақсысы, электрондық кітапханада кез келген мәліметті іздеп, таба аласыз. Өзіңіз қалаған әдебиетті жүктеп алуға да болады. Аудио кітап тыңдауға, қызықты кітапты құр­­бы­­ларымен бірге талқылауға, сөйтіп, кітап қазы­насының тұңғиығына сүңгуге мол мүм­кіндік бар. Тіл жаттығулары, жылдам оқу мәнері ой ұшқырлығына баулиды. Ғылыми-интеллектуалды бағыттағы оқушылар теория­ны тәжірибе жүзінде іске асырады. Соңғы үлгідегі технологияны пайдалана отырып, тұр­мыстық қалдықтар мен пластикалық зат­тарға екінші өмір сыйлау мүмкіндігімен егжей-тегжей танысады.

Балаларға болашақтың бағытын беретін ыстық ұяның мүмкіндігін айта келе, алғашқы нәтижелер туралы да сөз сабақтаған жөн. Мұндағы шәкірттер Ресей, Беларусь, Латвия, Әзербайжан елдерінде өткен байқаулардың Гран-При иелері атанды. Осы арада айта кететін бір жайт, жас толқынның бойындағы ұлттық өнерге деген ұмтылысы. Ілкі заманнан бері ата-бабаларымыздың жан серігі болған ұлттық аспаптарды қайта жаңғыртып, рухани көкжиегін кеңейтуге деген ұмтылыс байқалады. Дәл осындай үйірмелерге барып, бабадан қалған жан серігінің тінін жалғастырамыз дей­тін жастардың көбеюі көңілге қуаныш.

Дені сау ұрпақ қалыптастыру бағытында қыруар жұмыс атқарылуда. Арнайы спорттық алаңдар ұйымдастырылып, спорттың негізгі түрлері үйретілуде. Оқушылар доп ойындарымен бірге, жекпе-жек өнерлерін меңгеріп, ұлттық ойындарымыз асық, тоғызқұмалақ, қазақша күреспен айналысып, шеберліктерін шыңдауда. Bolashaq Saraiy ашылғалы тәрбиеленушілер барлық салада елеулі жетістіктерге жетуде. Сонымен қатар өңірдің қоғамдық өміріне де белсене ат салысып, әрқилы мәдени, әлеу­мет­тік, ғылыми-практикалық іс-шараларды өткізуге қолғабыстарын тигізуде. Сарайдың жас шәкірттері – «РобоОлимп» халықара­лық байқауының жеңімпазы Талғат Мақсат пен Euro Stars халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы Ясмин Қуат құрбыларына үлгі. Балалар жылының бастауында тұңғыш рет өткізілген облыстық JasSkills Аqmola-2022 чемпионаты ұйымдастырылды. Осы шараға қатысқан 120-дан астам оқушының білімі мен біліктілігіне жоғары баға берілді. Тіпті бәсекеде топ жарудың тамаша қуанышын айтпағанның өзінде техникалық, ІТ, ғылыми бағыттағы үйірмелердің білім алушыларға зор пайдасы бар екенін екшеп көрсетуге болар еді. Осы бағытта талпыныстары қанат жаятын болса, бірер жылдың төңірегінде жас кәсіби маман болып қалыптасатындығына дау жоқ.

Балалар жылының аясында шығармашылық бағыт бойынша «Үкілі домбыра» үйірмесі халықаралық өнер байқауының, Bolashaq би ансамблі Қазмедиа орталығында өткен «Арена Танцев» халықаралық конкурс-фести­валінің, Diamond би ансамблі «Жұлдызға қадам» халықаралық көпжанрлы байқауы­ның жеңімпаздары атанып үлгерді. Ал «Жұлдыз­дар» вокалдық студиясының «үлгілі» атағы, «Гүлдер» халық би ансамблінің «халықтық» атағы тағы бір мәрте расталды. Осының бәрі – үйірме жетекшілері мен шәкірттерінің қажыр­лы еңбектерінің жемісі.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Рух сәулесі – ақын сө­зінде» атты алғашқы облыстық жас ақындар айтысы өтіп, дарындардың танымы мен парасатын, білімі мен тағылымды тәрбиесін, бірлігі мен ынтымағын одан сайын шыңдай түсті.

Талай байрақты бәсекеде дес бермеген Bolashaq Saraiy-ның жас балуаны, Қазақ­стан­ның намысын қорғап жүрген, еркін және грек-рим күресінен 3 дүркін ел чемпионы Алдияр Балташев Бразилия елінде өткен сурдолимпиадада грек-рим күресінен қола жүлдені қан­жығасына байлап, көк туымызды тағы бір желбіретіп, соңынан ерген іні-қарындастарын қанаттандырды, ел мерейін асырды.

Ыстық ұя бүгінде болашақтың сара жолын салып жатыр. Ел ертеңіне елеңдеген дарыны мол балалар бойларына білім мен білікті сіңіріп, қаулап өсіп келеді.

 

КӨКШЕТАУ