• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2010

ТАЛАНТТЫ ТАҒДЫР ТЕПЕРІШІ ДЕ МҰҚАЛТА АЛМАЙДЫ

596 рет
көрсетілді

Дүйсенбі күні Алматыдағы балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан дарынды балалар “Макс” дыбыс жазу студиясына келді. Бұл жерде талантты балалар танымал композитор және балаларға арналып жазылған бірқатар әндердің авторы Мақсат Жәутіковпен бірігіп, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай өтетін “Мейірім” фестивалінің әнұранын жазды. – Біз “Мейірім” байқау-фестивалін жыл сайын өткізіп келеміз. Биыл бұл істі Қазақстанның Азаматтық альянсымен бір­лесіп қолға алдық, яғни ендігі жерде біздер – бір командамыз. Біз үшін балалармен, еліміздің келешегімен бірге болып, талантты орындаушылармен шығармашылық одақ құрып, рухани өсіп, дамығанымыз аса маңызды, – деді Марат Оспанов атындағы қоғамдық қордың өкілі Елнұр Жәшімова. Сондай-ақ акция аясында респуб­ликалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері, “Тамшылар” атты балалар музыкалық ұжымының жетекшісі Мақсат Жәутіков шеберлік-сыныптарын өткізді. Тағдырдың теперішіне тумай жатып түссе де, таланттан кенде қалмаған балалар сахналық шеберліктің, вокал мен ритмиканың қыр-сырлары туралы дәрістер алып, уақыттарын аса әсерлі өткізді. Олардың барлығы дерлік кәсіпқой ән жазу студиясының табалдырығын тұңғыш рет аттады. Болашақта осылардың ішінен оза шыққан нағыз үздіктер өнердің жалына түпкілікті жармасуы ғажап емес. – Еліміздің танымал өнерпаздарымен және талантты музыканттарымен мұндай фестивальдерді, шеберлік-дәрістерін өткізу даму ерекшеліктері басқа жағдайда жүріп жатқан жетім балалардың қабілеттерін танып, дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бастамалар шектеулер мен шекараларды жойып, барлығына тең жағдай тудырады. Өйткені, бәріміз де біргеміз және біздер бір командамыз, – деді қордың директоры Бақыт Оспанова. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суретті түсірген  Борис БУЗИН.