Аудандағы кейбір тұрғын үйлер «Сарыарқа» магистралды газ құбырына қосылды. Шынтуайтында, қысы қатты өңір үшін жағымды жаңалық. Қазір бұл жұмыс кезең-кезеңімен атқарылуда.
– Бірінші кезеңде біз 20 елді мекенді көгілдір отынға қосамыз, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев салтанатты рәсімде, – бар жұмысты тиянақты атқарып жатқан «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының өнімді ісіне ризашылық білдіреміз. Екі жыл ішінде мың шақырымға жуық құбыр тартылып, табиғи газ өткізілді. Аршалы ауданындағы бес елді мекеннің тұрғындары желіге қосылды.
– Біз көпбалалы отбасымыз, – дейді аудан тұрғыны Валерий Семенков. – Үйімізге алғашқылардың бірі болып газ тартылғанына қуанып отырмыз. Мемлекеттің қамқорлығына мың алғыс.
2019 жылы өңірдің 17 елді мекенін газ құбырына қосу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген болатын. Пайдалануға берілген «Аршалы» автоматтандырылған газ тарату стансасының өткізу қуаты – сағатына 15 мың текше метр. Барлығы 345 шақырымнан астам газ желісі тартылған. 2023 жылы ауданды газдандырудың соңғы кезеңі Жібек жолы ауылында жүзеге асырылады. Бес газ реттегіш блокты пункттерді орнату арқылы 230 шақырым газ тарату желілері іске қосылады.
Осылайша, 2020-2023 жылдары аралығында аудан бойынша 574,66 шақырым газ құбыры пайдалануға берілмек. Табиғи газ 8 230 тұрғын үйге жеткізіледі.
Ақмола облысы