«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында алапат өрт шығып, тамылжыған табиғаттың әсем жүзіне кіреуке түсті. Жалпы көлемі 104,5 гектар жерді өрт шалған, оның 89,7 гектары дала өрті болса, 14,8 гектары орман.
Өрт туралы суыт хабар қас қарая түскен. Онда Зеренді ауданындағы ұлттық паркке тиесілі орман алқабында өрт шыққаны хабарланған. Іле облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасы бойынша жедел штаб құрылды.
Атбасар, Сандықтау аудандарының өртке қарсы бөлімдері де іле келіп жетті. Сондай-ақ Көкшетау қаласынан да құрамында 30 адамы бар өрт сөндірушілер тобы аттандырылған. Оқиға орнында қызыл жалынның бетін қайтаруға жұмыла кірісіп, қажыр-қайрат танытылғанымен, секундына 15 метр жылдамдықпен соққан жел біраз уақыт бөгет болды. 200-ден астам адам орман өртімен күресті. Өрт сөндірушілермен бірге еріктілер де, азаматтық қорғаныс академиясының курстанттары да қолұшын берді.
Алдын ала жасалған болжамға қарағанда өрт дала жолының бойынан шыққанға ұқсайды. Көк өскіннің бәрі қурап тұрған, өрт қаупі мол күзде өкпек жолаушының ойланбай тастай салған жалғыз тал темекі тұқылының өзі осындай зардапқа алып келуі әбден мүмкін. Жалпақ жұрттың мақтанышына айналған – тамаша табиғатымызға зиян тигізбеу жайын ойлауымыз керек.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы