Жуырда VII Baiqonyr International Short Film Festival-нің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Байқоңыр» - Қазақстандағы тұңғыш халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалі. Ол жеті жылдан бері Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдің жас кинематографистеріне де қолдау көрсетіп келеді.
Фестиваль жылдың көптен күткен премьераларының бірі - Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржылай қолдауымен Aray Media Group компаниясы түсірген «Дос-Мұқасан» кинотуындысымен ашылды. Аталмыш фильмнің режиссері Айдын Сахаман.
«Біздің фильмнің алғашқы ресми көрсетілімі осындай керемет кинофестивальдің аясында болғанына қуаныштымыз. «Байқоңыр» - бұл жаңа есімдерді ашатын және Қазақстанның шығармашыл жастарына қолдау көрсететін фестиваль. Біз үшін бұл өте маңызды, себебі, «Дос-Мұқасан» тобының шығармашылығы да студенттік кезден бастау алды. Жастық шақ - шығармашылық үшін тамаша кезең және біздің фильм жас ұрпаққа жақсы үлгі болады деп сенеміз», деді фильмінің бас продюсері Айгүл Байбек.
Фестиваль бағдарламасына ҰКҚМО-ғы қолдау көрсеткен тағы төрт фильм енді. Ұлттық байқауға Бегалы Шибікеевтің «Құс» қысқаметражды фильмі, ал Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» туындысы анимациялық байқауға қатысады. Ал режиссер-аниматор Иван Ардашовтың «Кенже қыз» анимациялық сериалы мен Generation секциясында Берлин Халықаралық кинофестивалінің Гран-при иегері Фархат Шәріповтың «Схема» атты фильмі конкурстан тыс бағдарлама аясында көрсетіледі.
Форум серіктестері AlmaU «Медиа және кино мектебі» және Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы фестиваль барысында өзінің «Сыншылар таңдауы» жыл сыйлығын табыстайды деп күтілуде.
«Қазақстан киносыншылар қауымдастығы 2015 жылы құрылды. Оның құрамына 16 отандық киносыншылар мен кинотанушылар кіреді. Биыл «Сыншылар таңдауы» сыйлығы 2020-2021 жылдары шығарылған қазақстандық фильмдерге 13 номинация бойынша беріледі, себебі пандемияға байланысты сыйлық бір жыл берілмеген еді», деді Қауымдастық президенті, өнертану докторы Гүлнар Әбікеева.
Айта кетсек, фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысуға 306 киножоба үміткер болды. Оның ішінде бағдарламалық қызмет жеті елден: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения және Ресейден 48 фильмді іріктеп алды. Үш конкурста – халықаралық, ұлттық және анимациялық байқауларда ұсынылған картиналарды беделді киноэксперттерден құралған қазылар алқасының үш командасы бағалайды. Ал халықаралық байқаудың қазылар алқасын Гүлнар Әбікеева басқарды. Ұлттық байқаудың қазылар алқасының төрағасы - Саха республикасының танымал режиссері Эдуард Новиков. Анимациялық байқаудың қазылар алқасының жұмысын тобын Батумидегі Tofuzi Халықаралық анимация фестивалінің директоры Зураб Диасамидзе басқарады.
«Биыл фестиваль бағдарламасына атақты кинотанушылардың дәрістері мен белгілі режиссердің шеберлік сабағын енгіздік. Біздің сарапшылар күн сайын байқау бағдарламасының фильмдерін, сондай-ақ конкурстан тыс көрсетілетін туындыларды талқылайды», дейді кинофестиваль Президенті Әнуар Кенжебаев.
Сондай-ақ, биылғы фестивальге Қырғызстаннан «Экспедиция» қозғалысының өкілдері келеді. Бұл қозғалыс өз елінің бүгінгі өмірі туралы қысқаметражды фильмдер түсіретін 50-ге жуық режиссерді біріктірген.
«Байқоңыр» фестивалі 11 қыркүйек күні Дарежан Өмірбаевтың «Соңғы сеанс» атты фильмінің көрсетілімімен аяқталады, оның әлемдік премьерасы Локарнодағы 75-ші мерейтойлық фестивальде өтті.
Дәстүрлі түрде Baiqonyr фестивалінің ұйымдастырушысы еліміздің жетекші кинопорталы – «Бродвей» (brod.kz). Фестиваль ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен өтеді. Ақпараттық қолдауды «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ көрсетеді.
Фестивальдің ақпараттық серіктестері «Хабар» және El Arna телеарналары, «Жұлдыз FM» және «Эльдорадио Алматы» радиостанциялары, Tengrinews.kz, Massaget.kz, Baribar.kz, 365 Info.kz, «Экспресс К» интернет порталдары, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», Almaty Aqshamy, «Вечерний Алматы» және «Комсомольская правда Казахстан» басылымдары.