Алматы облысының «Тамғалы-Тас» шатқалында орналасқан «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйытқы болуымен «Қазқұтқару-2022» кешенді тактикалық оқу-жаттығудың салтанатты ашылуы өтті.
Кешенді тактикалық оқу-жаттығулар іздестіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын жетілдіру, авариялық-құтқару құралдары мен техникасын пайдаланудың озық әдістерін меңгеру, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу тәжірибесімен алмасу, жарысқа қатысушылардың кәсіби даярлығын жетілдіру және дене даярлығын тексеру мақсатында өткізіледі.
Жарыс «Техногенді апаттар жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары», «Акваториядағы іздестіру-құтқару жұмыстары», «Табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары», «Орташа қиылысқан жерлер бойынша командалық эстафета» және «Белтемірдегі кешенді күштік жаттығу» 5 дистанцияларынан өтуді қамтиды.
Төтенше жағдайларды жою департаментінің басшысы Қахарман Оразалиннің басшылығымен өткен жарыстың салтанатты ашылуына Алматы облысы әкімі, құтқару бөлімшелері, сондай-ақ министрліктің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің әскери қызметші-құтқарушыларының командалары қатысты.
Жарыстың бірінші күні қатысушылар «Ойлы-қырлы жерлер бойынша командалық эстафета» құтқару көпсайысы бойынша қашықтықтардан өтті. ТЖМ жедел-құтқару жасақтары арасында құтқарушылардың үздік командаларын, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тән кедергілері бар қашықтықтарды өту барысында үздік шыққан азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің әскери қызметші-құтқарушылар командаларын көпсайыс бойынша жарыстардың бас төрешілер алқасы анықтайды.
Сондай-ақ Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының қолдауымен Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасы төтенше ведомстволарының кинологиялық қызметтері үшін шеберлік тренинг өткізіледі.
Бұдан басқа, төтенше жағдайларды жою аумақтық басқармалары мен бөлімдерінің басшылары арасында оқу-әдістемелік семинар өткізу жоспарланған. Жарыс қорытындысы 17 қыркүйекте шығарылады.