• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қыркүйек, 2022

Биіктен қорықпайтын бойжеткен

291 рет
көрсетілді

Санамен саралап қарасаңыз, кез келген мамандықтың кемшілігі жоқ. Өзіңе және қоғамға пайдалы болса болғаны. Екатерина Глушкова – облыстағы әйелдер арасынан шыққан жалғыз электр монтері.

Кейде бір биік бағананың басына шығып, электр сымдарын жалғап жат­қан электр монтерлерін көресіз. Көз көр­генмен, көңіл тоқтай бермейді. Үй­рен­­шікті дүние есебіндегі жайт. Түптеп келгенде, қиындығы да аз емес. Арнайы рұқсат керек. Мамандықты игеру үшін кәсіби шеберлік қана емес, ерік-жігер де қажет болатын болар. Сіз бен біз көрген бағана басына шығатын электр монтерлері негізінен ер адамдар. Ал бой­жеткендер сирек. Тіпті жоқ болуы да ықтимал.

Екатерина Владимировна Қара­ған­ды облысының тумасы екен. Сөй­лес­кен кезімізде биіктікке деген құш­тар­­лықтың бойында бала жасынан бар екенін айтады. Бәлкім, осы бір батылдық ата-анасынан жұққан болуы керек. Анасы Лилия Леоновна – құ­ры­лыс және көпір крандарының ма­шинисі. Бейнелеп айтқанда, құс қанаты талатын биікке шығып, зәулім үйлердің құрылысын жүргізіп, арқалығы аспан тіреген көпірлерді салуға үлес қосты. 1987 жылы «Электр монтері» ма­мандығын игеріп, Қарағандыдағы Ақжал кентіндегі подстансаға кезекші электр монтері болып орналасады. Ал әкесі Владимир Петрович әуе күштері бөлімінде қызмет атқарған. Жөргегінен демесек те, ес білгелі ата-анасының ма­ман­дықтарының қыр-сырын жанына жақын тұтып өскен қыз Щучинск жоғары техникалық колледжіне оқуға түсіп, 2014 жылы электр механигі мамандығын алып шыққан. Тіпті орта арнаулы оқу орнында оқып жүріп, «Санаторная» подстансасында кезекші электр монтері болып еңбек етті. Арада екі жыл өткен соң Щучинск қалалық электр желілері кәсіпорнына оралып, мамандығы бойынша жұмыс іс­тей­ді. Биіктікте жұмыс істеу жөніндегі сы­нақтан мүдірмей өткен.

– Әрине, жүрек қобалжитын тұс­тары да болады, – дейді Екатерина Владимировна. – Ең бастысы, өзіңнің қо­лың­нан келетініне кәміл сенуің керек. Қазір мен үшін үйреншікті жағдай тәрізді. Тосыннан көрген талайлардың таңырқай қарағаны қызық болып көрінеді. Егер менен «осы мамандықты қалай қаладың?» деп сұраса, «менің анам – энергетик» деп мақтанышпен жауап беремін.

Биік бағананың басында батыл бойжеткен жұмыс істеп жатқанда, жердегі әріп­тестері құрметі мен қошеметін аямайды. Өзінің айтуына қарағанда, жұмыстан қолы қалт етсе, табиғат аясында болғанды жақсы көреді. Ал альпинизммен айналысу – арманы. Тау-тасты аралап, биікке шыққан қандай жақсы!

– Бурабайдың биігінен қарағанда, көз жетер жер тұп-тура алақаныңдағыдай көрінері бар, – дейді Екатерина Глушкова. Әттең уақыт тапшы. Сонда да Оқ­жет­пес­тің оң иығынан көркем далаға көз сала­мын. Осы көгілдір мұнар­ға малы­нып, көз ұшында көк сағым ойнайтын көкпеңбек дала көсіліп жат­қан­да көкі­ре­гіңе туған жерге деген сүйіс­пен­шілік сезімі құйылады. Біз электр желі­лерінің мүлтіксіз жұмыс істеуін қам­­тамасыз етіп, ғажайып өлкенің шамын жағып жүрміз. Одан артық қуаныш болар ма?!

Щучинск қалалық электр желілері кәсіпорнында кейіпкерімізді «биіктіктен қорықпайтын бойжеткен» деп атайды. Бір ауыз сөздің астарында құрмет пен қошемет бөгіп жатқандай. Айтса айт­қан­дай-ақ қой!

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы