Amanat партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты жасақтаған волонтерлік топтар Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен және эвакуацияланған тұрғындарға көмек көрсетіп, белсенді жұмысын жалғастырып келеді.
Партияның Қостанай облыстық филиалының ақпараты бойынша, 5 күнде аманаттықтар Аманқарағай, Озерное және Басаман ауылдарында зардап шеккен 731 отбасына бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік жеткізді. Жалпы алғанда, 270 тонна гуманитарлық көмек таратылды. Бұл жұмыстың барлығын еріктілер атқаруда. «Жастар рухы» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешевтің айтуынша, волонтер болу – қоғамға пайда әкелу деген сөз. «Көп адам жалақы төленбейтін жұмысқа жаныңды салып кірісудің не керегі бар деп ойлайды. Өмірде бәрі ақшамен өлшенбейді. Мұнда ересектер мен балалардың жүзінен қарапайым ризашылықты байқаймын», деді ол.
Алайда мұндай жұмысты ұйымдастыру оңай емес. Жүйелі жұмыс тәртібін қалыптастыру қажет. Міне, осы мақсатта Мақтаарал аудандық мәслихатындағы Amanat партиясының депутаты Сүндет Кенжебаев Әулиекөл ауданына волонтер ретінде келді. «Ауданымызда су тасқыны болған кезде еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер жиналды. Сол тұста үйлестірушілердің бірі болдым. Себебі мұндай жағдайда гуманитарлық көмектен бөлек, адами ресурсты тиімді пайдалану маңызды. Осы тәжірибені қостанайлықтармен бөлісіп жатырмыз», деді ол.
«Жақынына көмекке ұмтылған адам қауіп-қатер туралы ойланбайды», дейді Алдияр Жұмабай есімді волонтер. Соның дәлелі – Қостанай облысындағы табиғи өрт. «Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқанымызға бірнеше күн болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүк көліктері келіп жатыр. Онда тиелген заттарды түсіріп жүрміз. Бір оқиға мені ерекше таңғалдырды. Көршілері бір әженің үйін сөндіреміз деп жүргенде өз баспаналары өртеніп кетіпті. Қарияның үйі дін-аман. Отандастарымыз өзгенің басына түскен қиыншылыққа бейжай қарап отыра алмайды», дейді Алдияр.
Ал «Жастар рухының» белсендісі Жайна Әлімова болса, волонтер болу әйел затына жат деген түсінікті жоққа шығарып жүр. «Әрине, 50 кило тартатын бір қап ұнды көтере алмаймын. Алайда қыздар келген заттарды сұрыптауға көмектесіп жүр. Себебі азық-түлікті, тауарларды біркелкі тарату керек. Сондай-ақ гуманитарлық көмектің жалпы есебін жүргіземіз. Тәулік бойы осындамыз. Осы жерде түнейміз», деді ол.
Қалпына келтіру жұмысына Түркістан облысының волонтерлері де қосылды. «Арыс пен Мақтааралдағы оқиғалар кезінде зардап шеккен адамдарға көмектестік. Сол кезде облысымызға еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер келіп, қалпына келтіру жұмысына атсалысты. Бірінші кезекте қажетті азық-түлік жіберді. Табиғи өрт туралы естіген кезде волонтерлер тобына қосылу үшін бірден «Жастар рухымен» байланысқа шықтым. Жағдайды өз көзіммен көріп, зардап шеккен адамдармен жүздескен соң «Қостанайлықтар – біз сіздермен біргеміз!», дегім келеді», деп атап өтті Олжас Мамыр есімді белсенді.
«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың мәлімдеуінше, Әулиекөл ауданына еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам ерікті жиналған.
«Волонтерлер гуманитарлық көмекті қоймаларға жайғастырды. Азық-түлік пен қажетті заттарды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп беруде. Зардап шеккендер мен эвакуацияланғандарға жылы сөзімізді айтып, моральдық қолдау көрсету де маңызды. Бұл – біздің шынайы жанашырлығымызды білдіру ғана емес, сонымен бірге оларға қиын сәтте күш-жігер беру. Сонымен қатар жастар қалпына келтіру жұмыстарына, өрттен кейінгі үйінділерді сұрыптауға, аумақты тазалауға жұмылдырылған. Мұнымен қоса біз өрттен зардап шекпеген, бірақ қолдауды қажет ететін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға да азық-түлік таратамыз», деді Н.Жетпісбаев. Сондай-ақ ол қазір тұрмыстық техника мен құрылыс материалдары көбірек келіп жатқанын айтты.
Волонтер Райымбек Бақытжанов Қостанай облысына елордадан келген. Ол апат туралы ести сала бірден ерікті ретінде баруға шешім қабылдағанын айтты.
«Жүк тиелген көліктер сағат сайын келіп жатады, ұйықтамай, демалмай жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ ерікті болудың басты қасиеті де осы. Себебі біз адамдарға нақты іспен көмектесеміз. Сондықтан мүмкіндігім бола салысымен осында еш ойланбастан келдім. Біз мұнда көмек, қолдауымыз қанша қажет болса, сонша уақытқа дейін жұмыс істейміз», деді ол.
Жергілікті тұрғын Аманжол Ахметов еріктілерге алғысын айтып, ең бастысы, елімізде тыныштық болсын деген тілегін жеткізді.
«Бүкіл Қазақстан халқы бізге көмектесіп жатыр. Азық-түлік тапшылығы жоқ, бізге қажеттінің бәрін әкелді. Бұл өрт қазақстандықтардың қиын сәтте бір-біріне көмектесуге әзір жанашырлығын көрсетті», деді ол.
Бұған дейін Парламент Мәжілісіндегі партия депутаттары Динара Зәкиева, Аманжол Әлтай және партия хатшысы Ринат Кертаев Қостанай облысында өрттен зардап шеккендердің жағдайын сұрап барып, өрт сөндіруге жұмылдырылған қызметкерлерімен жүздескен болатын. Сондай-ақ Аманқарағай, Лесное және Новонежинка ауылдарының балаларына партияның жыл сайынғы «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында мектеп формасы, оқулықтар, рюкзактар және кеңсе тауарлары бар жиынтықтар табысталды.
Еске сала кетейік, аманаттықтар зардап шеккендерге 1 200 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Партия филиалдары жанындағы гуманитарлық көмек жинау пункттері еліміздің барлық 20 өңірінде жұмыс істейді. Amanat партиясы Орталық аппаратының ұжымы да зардап шеккендерге көмек көрсету қорына біркүндік жалақысын аударды.