• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қыркүйек, 2022

Еңбек ету жауапкершілігі

541 рет
көрсетілді

Елордадағы Достық үйінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық кеңесінің отырысы өтті. Алқалы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы кеңінен талқыланды.

Іс-шараға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдар басшылары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар мәслихаттарының хатшылары, БАҚ және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

«Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын» деп, халықты Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды. Соңғы күрделі жағдайларға байланысты аймақтардың жалпыелдік стратегиялық бағыттарға жұмыс істеу маңыздылығы бұрынғыдан да артты», деді бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашев.

«Халықтың әл-ауқатын көтеруге бағыт­тал­ған тың бағдарламалар ұсынылған бұл Жолдау игілікті бастамалардың бастауы, жарқын болашақтың нышаны болары сөзсіз. Шынында, енді біз Жаңа Қазақ­станды құру үшін ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, бірлігіміз бен ынты­мағымызды, татулығымыз бен тұрақ­тылығымызды және өзара ауызбірші­лігімізді көздің қарашығындай қастерлеп, жұмыла жұмыс істеуіміз қажет», деді ол.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, бұл Жол­дау саяси реформаларды және жаңа эконо­микалық саясатты іске асыру, ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру жүйесін дамыту, ең төменгі жалақы деңгейін көтеру, зейнетақы жүйесін жаңғырту, қоғамда заң үстемдігін берік орнату сынды мәселелерді көтеріп қана қоймай, алдағы уақыттағы ел өңірлерінің саяси-әлеуметтік, экономикалық даму векторын айқындап берді.

Премьер-Министр кеңсесінің ұйым­дастыру жұмыстары және аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары Рыскелді Сәтбаев жиында ағымдағы көп түйткілді шешудің кілті жергілікті өзін-өзі басқаруда екендігіне тоқталды. Яғни аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіретін және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейтін әрі атқарылу барысын бақылайтын мәслихаттардың бұған барынша атсалысуы аса маңызды. Басқосуда Сенат пен Мәжіліс депутаттары салалық мәселелерді көтерсе, өңірлер­дің мәслихат басшылары аймақтардағы ахуалға шолу жасап, Жолдау аясында өз аумақтарының қандай жұмыстар атқаруға кіріскенін жеткізді.

Бұл ретте Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Бауыржан Омарбеков «ҚР жер­гілікті өзін-өзі басқару туралы» арнайы Заңын қабылдау бағытындағы жұмыстарды баян­дады.

«2018 жылдан бастап қолданыстағы бюджет заңнамасының өзгеріске ұшы­рағаны мәлім. Бұрын бюджеттік жүйе үш деңгейден құралып, ауылдық округтер аудандық бюджеттен қаржыландырылды. Қазір 4 деңгейлі жүйеге ауысып, әр ауылдық округтің жеке бюджеті бар. Бұдан өзге негізгі құжат – жергілікті өзін-өзі басқарудың 2025 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы қабылданды. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлауы үдерісі де енгізілді. Қазір аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оған да тиісті заң жобасы Парламентке ұсынылды. Мұндағы жаңалық – аудандар әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен бастау жоспарланып отыр. Ондағы негізгі талаптары мен тәсілдері ауыл әкімдерінің сайлауы­на ұқсайды», деді заң талаптарын кеңінен түсіндіріп өткен вице-министр.

Оның айтуынша, заң жобасы бірінші кезекте мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейлеріне тәуелділікті төмендетуіне бағытталған. Атап айтқанда, мұның сипаты азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы төрт жыл мерзімге жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдары – кеңестердің құрылуынан көрінбек.

Іс-шара соңында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша барша қазақстандықтарға Үндеу жасады.

«Бүгінгі геосаяси ахуал – кез келген мемлекет үшін сын. Осы сынды өткере алған, өткеріп қана қоймай, бұл сындардан күшейіп шыққан мемлекеттің болашағы жарқын, ертеңі еңселі, тұғыры биік болары сөзсіз. Сондықтан заман ағымынан қалмай дамудың даңғыл жолына түсеміз десек, халықтың әл-ауқаты мен саяси өміріне оң өзгерістер алып келуге бағытталған, үлкен өзгерістерге бастайтын, еліміздің өркен­­деуіне жаңа серпін және екпін бере­тін стратегиялық маңызы бар құжат – Жол­дауда айтылған міндеттерді іске асыруға баршамыз атсалысып, жұмыла еңбек етуіміз керек», делінген Үндеу мәтінінде.

Айта кетейік, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі – елдегі барша мәслихат өкілдерінің басын қосқан бірегей ұйым.