• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Мамыр, 2014

Мамандар даярлау ісінің маңызы зор

329 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Парламент Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Бишімбаев, Гүлмира Исінбаева және Әсима Бимендина қатысып, «Экономика салаларына арналған техникалық және кәсіби жоғары білім беру жүйесіндегі кадр даярлаудың сапасы мен перспективалары туралы Парламенттік тыңдау өткізу» тақырыбында журналистермен әңгіме қозғады. ОКҚ өткізетін дәстүрлі бри­фингке шақырылған депутат­тар­дың қай-қайсысы да осы салада еңбек етіп, оның барлық ты­ны­сын, жай-күйін, тіпті, ішкі ұсақ-түйек жұмыстарының да бүге-шігесін әбден білетін адамдар десек қателеспесіміз анық. Сон­­дықтан да, мәселенің мән-жайын ішкі қыртыстарымен қоса қабат ақтаратын жандар өткізетін бри­фингке журналистердің де қы­зы­ғушылықтарының оянуы заңды. Сөз бастаған У.Бишімбаев: «Бiлiм беру саласына да, жұмыс берушiлерге де кадрларды даярлау мәселесiнде тең жауапкершiлiктi белгiлейтiн жүйенi құруымыз бүгінгі уақыт талабы болып отыр. Қазіргі уақытта мемлекет те, ата-ана да жеткіншектердің білім алуына жағдай туғызуда», деген депутат, осы жерде дайындалатын кадрлардың сапасы нашар, олардың жұмыстары көңiл көншітпейді деп мiн айтатын жұмыс берушiлердiң өздеріндегі кемшіліктерге тоқталған. «Шынына келгенде, – деді депутат, – жұмыс берушілердің осы ел үшін қажетті iске қосатын үлесiн алып қарасақ, ол шамамен 1 пайыз шамасында ғана. Кадрлар қажеттiлiгiн алға тартушы жұмыс берушiлер оларды даярлауға қажетті деңгейде үлес қоспайтыны өз алдына, бiлiм беру үдерiсiне сенiмсiздiк бiлдiрiп отыр. Мемлекет қолынан келген жағдайдың барлығын жасап жатыр. Президенттiң берген тапсырмаларының арқасында соңғы 7-8 жылда бiлiм берудi қаржыландыру екi еселенiп, 1,5 трлн. теңгеге жеттi. Халық та бiлiм саласына қомақты қаржы құюда. Себебi, ата-аналар өз балаларын оқытып жатыр». Осылай деген У.Бишiмбаев қандай салаларда мамандар қаттығы айқын сезілетінін де ортаға салды. Мәселен, машина жасау, мұнай-химия салаларында жоғары білікті мамандармен қатар, білікті жұмысшылар да жетіспейді, сондай-ақ, ақылға сыймайтын жетімсіздік ауыл шаруашылығы саласында да бар. Нарық билігі жүріп тұрған уақытта жұмыс берушi, өндiрiс және бiлiм беру саласы – барлығы бiр бағытта жұмыс iстеуi тиiс. Олардың өзара тығыз байланыста болуы – заман талабы. Сол себептен бiлiм беру саласына да, жұмыс берушiлерге де кадрларды даярлау мәселесiнде тең жауапкершiлiктi белгiлейтiн жүйенi құруымыз қажет. Жұмыс берушiлер де бұл iске қаржы бағыттауы тиiс. Дамыған елдерде олардың көрсеткiшi 30 пайызға дейiн жетедi. Ал бiздегi көрсеткiш 1 пайыз шамасында ғана, деген депутат мұндай проблемалардың туындау себептерiн айқындау және оны шешу жолдарын iздестiру депутаттық корпустың мiндетi деп ой тұжырымдады. Г.Исінбаева: «Қазіргі таңда сұраныс пен біздің дайындап отырған мамандарымыздың сәйкестігі қандай. Тек мамандардың санына ғана мән бермей, олардың сапасына ден қою, экономикаға қажетті жоғары білікті мамандар дайындау біздің алға қойған кеуделі мақсаттарға қол жеткізуімізге жол ашады. Сол себептен, Парламент өзі тарапынан бүгінгі күні не жасауы керек деген мәселелерді үнемі назарда ұстауда», деп кәсіптік-техникалық білім беру саласы төңірегінде әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, қазір елімізге 30 мыңнан астам маман қажет екен. Оның ішіндегі басым көпшілігі жұмысшы мамандары, деген депутат көпшілік көкейіндегі тағы бір мәселеге тоқталып өтті. Ол – колледж аяқтаған жастардың әрі қарай оқуын жалғастырамын дегеніндегі кілтипан. Бұрын ондай жастар өз мамандығы бойынша ЖОО-ның үшінші курсына емтихан тапсырып түсе алатын. Қазір ол жүйе өзгеріп, олар орта мектепті бітірушілермен бірдей тест тапсырады. Және ол жалпыға білім беретін мектеп бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Ал колледж­дер мен мектеп бағдарламалары бірдей емес. Біз сондықтан кол­леджді бітіргендер мен жалпыға бірдей білім беретін мектеп түлектеріне қойылатын талапта өзгешелік болуы тиіс дейміз. Колледж бітіргендерге оқыған мамандығына сәйкес тест тапсырмалары болуы керек немесе олар сол бұрынғы жүйемен, ЖОО-ның үшінші курсына емтихан тапсырып түсуі тиіс деген мәселе қойып отырмыз, деді Г.Исінбаева. Брифинг соңында депутаттар журналистер қойған сауалдарға жауап берді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».