Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Қазмедиа орталығы», Qazaqstan телерадио корпорациясы және «Хабар» агенттігінің ұжымдарымен кездесіп, журналистердің жаңа маусымға дайындықтарын пысықтап, алда атқарылатын жобалар жөнінде пікірлесті.
Qazaqstan телерадиокорпорациясының ұжымымен кездесу барысында министр корпорацияның студенттерге арналған медиамектебін академия дәрежесіне көтеруді ұсынды.
Естеріңізде болса, отандық ақпарат кеңістігінде телерадиоарналар жанынан құрылған тұңғыш республикалық медиамектеп жұмысын өткен жылы бастаған болатын. Медиамектептен жеті ай мерзім аралығында ЖОО журналистика, кино және телевизия, режиссура факультетінің 30 студенті ақысыз негізде тәжірибелік білім алып шықты. Нәтижесінде, 9-ы корпорация құрылымдарына қызметке алынды.
Министр болашақта медиамектепті академия дәрежесіне көтеріп, тек студенттер емес, аймақтық кадрлардың біліктілігін арттыру орталығына айналдыру туралы ұсыныс білдірді. «Бұл үшін практикалық білім беретін мамандардың біліктілігі мен корпорацияның техникалық әлеуеті жоғары», деді министр.
Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай 2022 жылғы қараша айынан бастап медиамектеп жұмысын жаңаша бағытта қайта жалғастыратынын айтты.
Сонымен қатар министр «Хабар 24» арнасының он жылдық мерейтойы және «Хабар» агенттігінің жаңа телемаусымының тұсаукесеріне қатысып, Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің арнайы құттықтауын жеткізді. Еліміздегі басты ақпарат арнасында он жылдан бері үздіксіз қызмет атқарып келе жатқан бірнеше журналиске министрліктің марапаттарын тапсырып, телевизия саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан ұжымға табыс тіледі.