Сенатта Ауғанстан Ұлттық Ассамблеясы Волеси Жирга аппаратының өкілдерімен кездесу болды. Меймандар біздің елімізге танысу сапарымен келген болатын, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Екі елдің заң шығару органдары аппараттарының арасында кеңесулер болып, тәжірибе алмасылды. Қазақстан Парламенті Сенаты аппаратының қызметкерлері еліміздегі заң шығару үдерістері, мемлекеттік басқару жүйесіндегі Сенаттың рөлі, жоғарғы палатаның қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар туралы әңгімеледі. Ауған делегациясы, сондай-ақ, Аппараттың құрылымдық бөлімдерінің жұмыстары, парламентаралық байланыстарды дамыту және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл туралы да хабардар етілді.