• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Мамыр, 2014

Форумға әзірлік жайы әңгімеленді

298 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 21-23 мамыры күндері Астанада БҰҰ-ның қолдауымен VII Астана экономикалық форумы (АЭФ) мен ІІ Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция (ДҚДК) өткізілмек. Осы оқиғаға байланысты кешегі күні аталған форумды ұйымдастыру ісіне белсене қатысып жүрген Парламент депутаты Серік Нөгербеков Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздесіп, әзірлік жұмыстары жайында әңгімелеп берді. С.Нөгербековтің айтуына қа­рағанда, бұл форум Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың баста­машылығымен 2008 жылдан бас­тап жұмыс істеп келеді. Содан бері оны әр жыл сайын өткізіп отыру дәстүрі берік қалыптасты. Осы уақытқа дейін әлемнің ең басты проблемаларын қамтыған 6 форум болып өтті. Соңғы 2013 жылы өткен 6-шы форумды «G-Global»  форматында теңдестірілген экономикалық дамуды қамтамасыз ету тақырыбы қарастырылған болатын. Бұл форумға 136 мемлекеттен 12 мыңнан аса  қатысушы жиналған еді. Енді алдағы өтетін форум жұмысына келсек, ол көптеген мәселелерді қамтымақ. Соның ішінде әлемдік экономиканы дамыту бойынша ұсыныстар әзірленбек. Сондай-ақ, үлкен жиырмалық саммитіне, ол елдердің басшыларына және өңірлік ұйымдардың жетекшілеріне әлемдік экономиканы дамыту бойынша жоғарыдағы ұсыныстарды қамтыған ашық хат арнау жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл өтетін форумның тағы бір ерекшелігі  –  онда әлемдік дағдарыспен күрес жоспарының тұжырымдамасы қабылдануы тиіс. Сонымен қатар, осы форум аясында елімізге инвестиция тарту жөнінде арнайы шара өткізілетін болады. Басқа да маңызды мәселелер қамтылмақ. – Бұл форумның тағы бір ерек­шелігі – онда ЭКСПО-2017-ні өткізу жөнінде арнайы бас­қосу ұйымдастырылып, сонда елі­мізде өтетін бүкіләлемдік көр­мені насихаттау мәселелері қарастырылмақ. Жалпы, форум жұмысына 10 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Соңғы уақыттары Астана экономикалық форумы мен осы форум аясында өткізіліп келе жатқан «G-Global» жобасының маңызы халықаралық деңгейде арта түскендігі анық байқалып отыр. Бұл жобаның БҰҰ Бас Ассамблеясының қол­дауы­на ие болып, тиісті қаулы қабыл­данғандығы соның бір көрі­нісі деп білеміз, – деді өз сөзінде С.Нөгербеков. Астана экономикалық фо­румы әлемдік сарапшы­лар қо­ғам­дастығы көшбас­шы­лары­ның, әлемдік саясат, бизнес, ірі халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компания­лар өкілдерінің, Нобель сый­лы­ғының лауреаттарының және көрнекті экономист ғалым­дардың қатысуымен өткізілетін шара екендігі белгілі. Демек, форум алаңы әлем бойынша ал­ғанда қисынды ойлар мен өмір­­шең идеялардың өріс алатын ме­кеніне айналып келе жат­қан­дығы анық. С.Нөгербеков өз сөзінде осы жолы өтетін екінші Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция жұмысына да ерекше мән беріп өтті. Оның айтуынша, бұл жоба­ны 2011 жылдың 15 желтоқсан күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ілгерілеткен болатын. Бірінші жолы өткізілген конференцияда Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспардың басты бағыттары көрсетілген Астана декларациясы қабылданған еді. Ал екінші конференция жұмысы үстіміздегі жылдың 2 мамыры күні өткен Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші отырысы аясындағы пленарлық сессиядан бастау алған болатын. Қорытындысы Астана экономикалық форумы аясында түйінделмек. Оған көптеген елдердің қаржы-экономикалық министрлері, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық банктері жетекшілері қатысады деп күтілуде. Бұл шараның аясында Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспардың тұжырымдамасы да қаралатын болады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».