Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен кешегі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы объектілерінің жұмысын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев заң жобасы электр энергетикасы нысандарының жұмысын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіруге бағытталғандығын ерекше атап кетті. Бұл ретте электр энергетикасы нысандарының энергетикалық жабдығының жай-күйін жақсарту, энергия өндіретін және оны беретін ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысы мен электр және жылу энергиясын тұтынушылардың кең тобының құқықтарын қорғау үшін жауаптылығын арттыруға ден қойылып отыр. Әсіресе, заңдық құжатта энергетика кәсіпорындары көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету тетіктері қарастырылыпты.
Бұдан басқа, еліміздің Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінде электр энергиясына тапшылық шамадан тыс артып кеткен жағдайда оның экспорты мен импорты саласында шектеу шаралары енгізілмек. Электр желілеріне қосылуға рұқсат алуда тұтынушылардың электр құрылымдарын 100-ден 200 киловатқа дейін өзгерту қарастырылыпты. Вице-премьер осылайша шағын және орта бизнестің басым бөлігі электр желілеріне мемлекеттік органдардың рұқсатынсыз қосылуға мүмкіндік алатынын жеткізді.
Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ізбақ Өмірзақов заң жобасы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиналыстың қорытындылары бойынша хаттамалық тапсырманы іске асыру мақсатында әзірленгенін айтты.
Сонымен қатар, электр энергетикасы объектілерінің жұмысын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіруге, электр энергетикасы объектілерінің энергетикалық жабдығының техникалық жай-күйін жақсартуға, энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысы, электр және жылу энергиясын тұтынушылардың кең тобының құқықтарын қорғау үшін жауаптылығын арттыруға, энергетика кәсіпорындары көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Бұдан басқа, заң жобасында Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінде электр энергиясына тапшылық не профицит болған жағдайда электр энергиясының экспорты мен импорты саласында шектеу шаралары енгізіледі.
Заң жобасын жұмыс тобы талқылаған кезде тұрақты комитеттердің, депутаттардың, заңнама бөлімінің ұсынысы бойынша заң жобасының ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізіліпті.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістерді талқылау кезінде депутаттар ескерту сияқты санкцияны алып тастады. Бұдан басқа, заңды тұлғалардың шағын, орта немесе ірі бизнес субъектілеріне тиесілілігіне қарай оларға айыппұлдар бөлігіне түзетулер енгізілген, сондай-ақ, энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдардың технологиялық бұзушылықтар туралы ақпаратты ұсыну туралы талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылығын белгілейтін жаңа бап ұсынылыпты.
Депутаттардың пікірінше, қолданыстағы заңнамада бар тетіктер энергетика саласындағы бақылау және қадағалау органына жылыту маусымында олқылықтарға жол бермеу мақсатында энергетика кәсіпорындарының заңнаманы бұзушылықты анықтауға және оған дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді, ал норманы әзірлеушінің редакциясында қабылдау рейдерлік пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жағдай жасайды.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының 16 отырысы өткізілген екен. Мәжілістің депутаттарынан, тұрақты комитеттерінен және заң бөлімінен заң жобасы бойынша келіп түскен 250-ден астам ескертпе мен ұсыныс қаралып, талқыланыпты.
Мәжілістің барлық комитеттері осы заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.
Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін жұмысқа алды.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова депутаттарға Есепте 2013 жылы республикалық бюджеттің атқарылуының макроэкономикалық жағдайларына, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, инвестициялық жобалардың іске асырылу тиімділігіне баға берілгенін мәлімдеді.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жұмысқа алынды.
Жалпы отырыста сөз алған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев келісім елдердің инвестициялық ахуалын жақсартуға және мемлекеттер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Мәжіліс қоржынына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да алынды.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс объектілерін жобалау саласындағы сарапшылық қызметті реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.
Экономикалық реформа және әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов заң жобасын әзірлеу құрылыс объектілерін жобалау және оның тиімділігін арттыру саласындағы сарапшылық қызмет нарығының жүйесін жетілдіру қажеттілігіне байланысты болғанын мәлім етті.
Сондай-ақ, отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».