Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар Басқармасының Орталық Азиядағы Аймақтық өкілі Бернард Дойльді оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Палата Төрағасы Б.Дойльді Аймақтық өкіл лауазымына тағайындалуымен құттықтады және жұмысының табысты болуына тілектестігін білдірді.
Қ.Тоқаев атап өткендей, күрделі геосаяси жағдайды ескере келгенде, БҰҰ БЖКБ-ның Орталық Азиядағы қызметі ерекше маңызды. Оның пікірінше, заңсыз көші-қонмен және босқын мәртебесін асыра пайдаланумен күрес өзекті болып отыр.
«Қазақстандық парламентшілер БҰҰ БЖКБ-ның қызметіне жан-жақты көмектесуге әзір», деп атап өтті Қ.Тоқаев. Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттарына қол жеткізу және орнықты дамуды қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындауда Қазақстан БҰҰ жүйесіндегі ұйымдармен белсенді ынтымақтастыққа мүдделі, деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев БҰҰ қызметкерінің назарын алдағы уақытта болатын Астана экономикалық форумына және Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияға, сондай-ақ, АӨСШК-нің Шанхайдағы кезекті Саммитіне аударды. Қазақстанның бастамасы бойынша өтетін бұл форумдар және басқа да сыртқы саяси шаралар біздің еліміздің халықаралық беделі арта түскенін көрсетеді.