Қазақстанның Тұңғыш Президенті кітапханасында 8 қыркүйек – Халықаралық сауаттылық күніне арналған «Қағазға тіл бітірген...» атты мазмұнды көрме болып өтті. Мәдени іс-шараға халықаралық дипломатиялық корпус пен оқу орындарының, қоғамдық және академиялық кітапхананың, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Көрменің ашылуында Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат іс-шараның маңызына тоқтала келіп: «Адамзат өркениетінің дамуы жазумен тығыз байланысты. Оның шамамен 6 мың жыл бұрын пайда болуымен адамзат тарихында төңкеріс болды. Жазу адамдарға білімдерді жинақтап, оны кейінгі ұрпаққа қалдыруға мүмкіндік берді. Жазумен қатар жазба материалдары да, мәселен, жартастағы жазулар, саз тақтайшалар, папирустар, пергаменттер, ағаш таяқшалар, қылқаламдар, қауырсындар мен шарикті қаламдардан қазіргі заманғы гаджеттерге дейінгі ұзақ даму жолынан өтті. Бүгінгі біздің көрмемізден мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғалары пайдаланған заттар мен түрлі халықтар мәдениетінің озық үлгілерін тамашалай аласыздар», – деп атап өтті. Одан кейін сөз алған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар: «Қазіргі жас ұрпақ қағаз, кітап сияқты дәстүрлі білім көздерін пайдалана отырып, ақпарат алуға көбірек көңіл бөледі деп сенемін», – деп, осындай танымдық көрмені өткізуге атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.
Көрме екі бөлімнен тұрады: оның бірінші бөлімінде Тұңғыш Президенттің жеке коллекциясынан маңызды мемлекеттік құжаттарға қол қойған жазу құралдары мен үстел құралдары ұсынылса, екінші бөлімде шет мемлекет көшбасшыларының, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, халықаралық ұйымдардың дипломатиялық сыйлықтары қойылды.