• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қыркүйек, 2022

Біздің жақта қыс ұзақ...

459 рет
көрсетілді

Егер Қазақстанның оңтүстігінде 2-3 ай ғана қыс болып, жылыту маусымы да осы мерзімге ғана созылса, еліміздің солтүстігінде бұл 7 айға созылады. Соның ішінде ең суық өңір – Солтүстік Қазақстанда оның ұзақтығы сегіз айға дейін барады. Әрине, қысы қытымыр, ауасы суық болғаннан кейін бұл жердің халқының өмір сүру шығындары да көбірек. Үстінен тастамай киетін болғандықтан олар қысқы жылы киімдерін жиі ауыстыруға мәжбүр. Жылу, ыстық су шығындары да жоғары. Жекеменшік үйде тұратындар үйдің көлеміне қарай 10 тоннаға дейін көмір, 7-8 текше метр отын сатып алуға мәжбүр. Аязды күндерге шыдау үшін азық-түлікті де жылы жаққа қарағанда көбірек тұтынады. Ауыл адамдары малын қыстан шығаруға да оңтүстікке қарағанда әлдеқайда көп шығынданады. Осының бәрін ескеріп Кеңес өкіметі еңбекақыға 15 пайыздық үстеме төлейтін...

Мұнда қысқа дайындық шараларына кірісу, белгіленген жұмыстардың орын­далуын бақылау да қыркүйектің басынан қолға алынады. Жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақалов та отырыс өткізіп, қысқы дайындық мәселелерін қа­растырды. Онда халықтың тұрғын үйлерін, әлеуметтік саланың мекеме­лерін, кәсіпорындар мен ұйымдарды қыстың суығынан алып шығуға тиісті әрбір саланың қызметтері есеп берді. Соның ішінде Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бас­қармасы басшысының міндетін атқа­ру­шы Павел Шиловтың айтуына қа­ра­ған­да, облысқа электр қуатын тарататын «Солтүстік-Қазақстан ЭТК» АҚ-ға биылғы жылыту маусымына да­йындыққа 2 млрд 46 млн теңге бағыт­тал­ғаны айтылды. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын жөнделуге тиісті 503 шақырымдық электр жүйелерінің 390 шақы­рымын немесе 78 пайызын жөн­деп болған. Сондай-ақ облыстың бұ­рынғы Көкшетау облысына қараған Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Ақжар, Уәлиханов аудандарына электр қуатын таратушы «Көкшетау Энерго» АҚ шығындарына 680 млн теңге бағытталған. Бұл кәсіпорын биыл жөн­де­луге тиісті электр жүйелерінің 85 па­йы­зын дайындап үлгерді.

Петропавл қаласы тұрғындарын әсіресе қатты мазалайтын «Петропавл жылы жүйелері» ЖШС-ның жұмысы. Қала тұрғындарына жылу жеткізетін осы кәсіпорын. Оның басшысы А.Ка­ли­ничевтің баяндамасына қара­ған­да, биыл жылу қалаға уақтылы жет­кі­зіледі, тек ЖЭО-2-ден үзіліссіз түсіп тұрса болғаны. Бірақ кейбір жұ­мыс­тың осы күнге дейін төмен дәре­жеде орындалғаны алаңдатпай қой­майды. Мысалы, қаладағы барлық 51 насос стансасындағы жөндеу жұмыстары 37 пайызға ғана орындалған. Ал электр­тех­никалық жабдықтардың жөнделуі тіпті белгіленген меженің 20 пайызына жет­пейді. Мұндай көрсеткіштермен қысқа дайынбыз деп айтуға болмайды. Облыс әкімі осы мәселелерге назар ауда­рып, шұғыл көңіл бөлуді тапсырды. Бұл кәсіпорынның жөндеу жұ­мыс­та­рын атқаруына биыл 537 млн теңге ба­ғыт­тал­ған.

Петропавлдың ЖЭО-2 нысанында наурыз айында болған апат туралы рес­публика халқы біледі. Онда биік­ті­гі 150 метр болатын мұржа ортан белінен құлап, бір әйел қаза болған еді. Қазір мұржаның қалдығын бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЖЭО-2 қарайтын «Севказэнерго» АҚ директоры О.Перфиловтың айтуына қарағанда, қазір бу қазандықтарына жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілуде. Жылыту маусымы басталғанда қазіргі істеп тұрған үш қазандыққа тағы төртеуі қосылады. Олар тұрғындарға жылуды қалыпты жағдайда беруді қамтамасыз етеді. Ал бөлшектеліп жатқан мұржаның жұмыстары жылу бе­ру­­­ге кедергі жасамайды.

Қаланы таза ауыз сумен және кәріз сулары жүйесінің жұмысын қамтамасыз ететін «Қызылжар су» ЖШС жылу маусымына 80 пайызға жуық дайын. Ауыз су жүйесінің 259, кәріз құбырларының 184 шақырымына жөндеу жүргізілген.

Отырыс барысында баяндама жасаған жауапты адамдар қаладағы барлық 604 білім беру нысанының және 369 ден­сау­лық сақтау нысанының дайындық сапына қойылғанын айтты. Алайда 167 мәдениет саласы нысандарының төртеуі әлі жылытуға дайын емес. Орталықтан жылытылатын 1 361 көпқабатты үйдің 1 211, яғни 89 пайызында ғана жылыту жүйелері тексерілген. Былтырғы сәй­кес мерзіммен салыстырғанда бұл жақ­сырақ көрсеткіш болғанымен 150 көпқабатты үйдің әлі де дайындық сапына қойылмағаны алаңдатады.

Қыс маусымындағы халықты алаң­да­та­тын ахуалдың бірі – көмірдің жетіс­пеуі. Былтыр бұл мәселе барынша күрделеніп, әлеуметтік шиеленіске дейін соқтыра жаздағаны белгілі. Биыл осы мәселенің алдын алу – жергіліктің биліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Солтүстік Қазақстан тұрғындарына 420 мың тоннадай мөлшерде көмір қажет. Биылғы 7 қыркүйектегі жағдайға қарағанда, 170 мың тонна жеткізілген. Облыс әкімі Қ.Ақсақалов қыркүйек айында тағы да 225 вагон Шұбаркөл көмірі жеткізілетінін айтты. Сонымен бірге көмірдің түсірілуі мен сатылуын қатаң бақылауға алып, бағаның өсуіне жол бермеу тапсырылды.

«Монополияға қарсы комитет тиіс­ті бас­қармалармен бірлесе отырып, тіпті күн сайын осы мәселені назарда ұс­тасын. Қазір Үкімет көмірдің баға­сын Kaspi.kz арқылы төлеп, таситын операторларға тапсырыс жіберетін амал­дарды қарастырып жатыр. Бұл тасымалдайтын жерде былтырғыдай ажиотаж туғызбайтын болады. Көмірді аймақтарға жеткізушілер тізім жасап, көмір шетелге кетіп қалмауы үшін барлық жүк машинасын бақылауда ұстауы керек. Ондай оқиғалар былтыр көп болғанын білеміз. Биыл көмірдің сыртқа кетуі қатаң бақы­ланады», деді әкім.

Қазір облыста көмір жеткізумен айналысатын 18 кәсіпорын бар, олар көмірді 32 тұйыққа түсіреді. Облыстың ауыл­дық аумақтарындағы бюджеттік мекемелерді жылыту үшін 141 тонна көмір керек. 5 қыркүйектегі мәліметке қарағанда, соның 125 мың тоннасы, яғни 87 пайызы бюджеттік мекеменің жақын маңындағы теміржол стансаларына жеткізілген, осы жерден әрі автомобильдермен тасылады. Аудандар арасында көмірін жақындата алмай жүрген Мамлют ауданы ғана. Олар белгіленген меженің 53 пайызын ғана тасымалдаған. Ал Айыртау және М.Жұмабаев аудандары өздерінің бюджеттік мекемелеріне тие­сілі көмірді тасып алуды аяқтап қалған.

Сонымен бірге бүгінге дейін облыс­та­ғы барлық 490 жылыту қазандығының 471-і дайындық сапына қойылғаны белгілі болып отыр. Соның ішінде автономды жұмыс істейтін қазандықтарға жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған. Әзірге кейбір орталық қазандықтардағы жұмыстар ғана аяқталмай жатыр. Жалпы айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы қыр­күйек айындағы жөндеу жұмыс­та­рының аяқталуымен биылғы қысты қарсы алуға әзір деп айтуға болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы