• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қыркүйек, 2022

«Астана» өкілі – төртінші орында

243 рет
көрсетілді

Велоспорттан 23 тәулікке созылған «Вуэльта» көпкүндігі өз мәресіне жетті. Ең соңғы 21 кезең Лас-Росас-де-Мадридтен бастау алып, Испанияның астанасында аяқталды.

Аталған кезеңде алты велошабандоз мәреге бірдей жетті. Олар – Хуан Молано (Колумбия, UAE Team Emirates), Мадс Педерсен (Дания, Trek-Segafredo), Пас­каль Аккерман (Германия, UAE Team Emirates), Майк Теунссен (Нидерланд, Jumbo-Visma), Дэнни Ван Поппель (Нидерланд, BORA-hansgrohe) және Каден Грувс (Аустралия, BikeExchange-Jayco). Олардың уақыты – 2 сағат 26 минут 36 секунд. Қосымша көр­сеткіштер бойынша 21 кезеңнің жеңімпазы деп колумбиялық спортшы танылды.

Жалпы есепте Ремко Эве­не­пулге тең келер ешкім табыл­мады. Quick-Step Alpha Vinyl Team клубы сапында өнер көрсетіп жүрген 22 жастағы бельгиялық вело­шабандоз алтыншы кезеңде испаниялық Марк Солерді (UAE Team Emirates) жылы орнынан ығыстып, көш бастаған еді. Содан кейін Ремок шашасына шаң жұқтырған жоқ. Ол 16 кезең бойы тізгінді ешкімге бермей, ақырында жеңіс тойын тойлады. Оның көрсеткіші – 80 сағат 26 минут 59 секунд. Бұған дейін ол әлем чемпионатында екі рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, Еуропа чемпионы атанған еді.

Сөз орайы келгенде, Эвене­пулдің кезінде тәуір футболшы болғанын да айта кетейік. Бель­гияның «Андерлехт» және Ни­дер­ландтың «Эйндховеннің» ака­демиясында шеберлігін шың­­даған Ремко өз елінің жас­өспі­рімдер құ­рамасы сапында өнер көрсетті. Бірақ кейіннен оның аңсары велоспортқа ауып, спорт­тың осы түрінде елеулі табыс­тарға қол жеткізді. Бір айта ке­тер­лігі, Бель­гияның бет­кеұс­тары соңғы үш «Вуэльта» көп­күн­ді­гінде алдына жан салмаған Сер­бияның саңлағы Примож Рог­лич­ті тұғырдан тайдырды.

Екінші орынды испаниялық Энрик Мас иеленді. Movistar Team клубының намысын қор­ғаған ол жарыс жеңімпазынан 2 минут 2 секунд қалып қойды. Пиреней түбегінің тағы бір өкілі Хуан Аюса (UAE Team Emirates) үшінші сатыға жайғасты. Ал «Ас­тана» клубы мүшелерінің арасынан ең жақсы нәтижеге 28 жастағы колумбиялық легионер Михель Анхель Лопес қол жеткізді. Ол төр­тінші орынға табан тіреді.