Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті АҚШ-тың Аризона университетінің басқаруына беріледі. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елімізде дүние жүзінің айтулы университеттерінің филиалдарын ашу туралы берген тапсырмасының аясында іске асырылмақ.
Осыдан бір жыл бұрын АҚШ-тың Аризона университеті, М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Білім және ғылым министрлігі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бірлескен бағдарламалар бойынша оқыту үш тілде – ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, IT, инженерия, агротехнология мен биотехнология салаларында мамандар даярлайды және студенттердің оқуына гранттар беріледі. Оқу процесін толық аяқтаған студенттер М.Қозыбаев және Аризона университеттерінің дипломын алады.
Әлемнің жоғары стандарттарына сәйкес білім алатын студенттерге арналған жаңа оқу кампусы салынды. Университет облыс әкімдігінің қолдауымен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Еліміздің барлық өңірінен қос диплом алуға қол созған 170 студент іріктелді. Бүгінде студенттердің жатақханасы да дайын.
Жуырда жаңа жобаның тұсаукесер рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Аризона университетінің вице-президенті Лизл Фолкс және АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Дэвид Алси қатысты. Салтанатты жиынды М.Қозыбаев университетінің ректоры Ерлан Шоланов ашып, студенттер мен ата-аналарды, зиялы қауым өкілдерін жаңа жобаның басталуымен құттықтады.
«Біз уәдемізде тұрдық. Биылғы тынымсыз еңбегіміздің арқасында қос диплом бағдарламасына қатысатын студенттерді қабылдап, олардың оқуына мүмкіндік тудыратын барлық жағдайды жасадық. Осы істе бізді қолдап, барынша көмектескен облыс әкімдігіне, Ғылым және білім министрлігіне айтар алғысымыз шексіз. Біздің студенттеріміз төртінші курстан бастап Аризона университетінде оқитын болады. Бұл – әлемдегі ең таңдаулы оқу орындарының бірі. Оның 1 700 оқытушы-педагогтерінің арасында 5 Нобель сыйлығының лауреаты, 7 Пулитцер сыйлығының иегері бар. Осының өзінен-ақ білімнің жоғары деңгейде болатынын көруге болады», деді ол.
Облыс әкімі Қ.Ақсақалов биыл оқуға түскен жастарды және олардың ата-аналарын жас талапкерлердің жоғары белесімен құттықтады.
«Бұл – біздің университетіміздің тарихында өте маңызды кезең. Жоба өңірдің дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 170 студентті қабылдадық. Алдағы жоспар – университетімізде білім алушылар санын 10 мыңға жеткізу. Болашақта Петропавлды студент жастардың қаласына айналдырамыз», деді облыс әкімі.
Салтанатты шараға қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің құттықтау сөзін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеткізді. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз әлемге танымал шетелдік университеттердің бес филиалын ашамыз. Әзірге оның үшеуі ашылды. Бұған дейін Алматы, Атырау қалаларында ашылса, бүгін үшінші филиал Петропавл қаласында ашылып отыр. Алғаш рет Аризона университетінің үлкен филиалын ашып отырмыз. Аризона университеті соңғы 5 жылда АҚШ-тың инновациялық ең жоғары оқу орындарының рейтингісіне кірген», деді министр.
Аризона университетінің вице-президенті Лизл Фолкс студенттерге екі бірдей жоғары оқу орнының оқытушылары мен профессорлары дәріс беретінін айтты. «Қос диплом бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттер 4-курста Аризона университетінің кампусында білім алады. Дәл осы бағдарлама бәсекеге қабілетті студенттерді даярлауға мүмкіндік береді», деді ол.
Университеттің жаңа кампусының заманауи оқу аудиториялары, демалыс бөлмелері жарық әрі кең. Іс-шараға қатысушыларға университеттің жаңа оқу-зертханалық корпусының ғылыми орталықтары бойынша экскурсия өтті.
ПЕТРОПАВЛ