• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қыркүйек, 2022

Жердің игілігін ел көрсін

330 рет
көрсетілді

Жерді ұтымды пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатында пай­даланылмай жатқан жерді қай­та­ру, төрт түлік малға ауадай қажетті құнарлы жайы­лым­дар­дың тапшылығын жою – өңір үшін өзекті мәселе. Қазіргі күні облыста 1 миллион 863 мың гектар жер іс жүзінде кәдеге аспай жатыр. Оның 191 мың гектары – егістік, 1 миллион 670 мың гектары – жайылымдық жер.

Облыста 605 елді мекен болса, соның 441-іне жайылымдық жер же­тіс­пейді. Мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары тарапынан өкпе-наздың көп туындайтын жері де осы. Кейде мәселенің күрделенуіне жергілікті атқарушы органдардың шешімді дұрыс қабылдамауы себеп пе деп ойлайсың. Мәселен, облыс орталығының іргесіндегі Садовый ауы­лындағы 200 жуық отбасы 200-ден аса қара мал мен 300-ден аса қой-ешкіні әрең бағып отыр. Ша­бын­дық жер болмағандықтан малсақ қауым жем-шөпті сатып алады. Ауыл тұрғындарының айтуларына қа­ра­ғанда, жем-шөпті сатып алып, мал бағу мүлде тиімсіз. Малдың еті мен сүтінен түскен табыс өзінің азығына жұмсалмақ. Бір өкініштісі, бұл ауылға тиесілі жайылымдық жер – Көкшетау-Атбасар тасжолының бойында, шамамен жиырма шақырым жерде. Онда тусырап жатқан бақандай 10 мың гектар жер бар. Не егін егіл­мей­ді, не мал жайылмайды. Қанша тырысқанымен, ауыл тұрғындары бұл алқапқа малын жеткізе алмайды, өйткені жол бойы – сыңсыған егістік алқаптар. Міне, бар жерді кәдеге асыра алмаудың себебі осында жатыр. Ал ел іргесіндегі мал жайылымы шеткі үйдің ауласына дейін егілген егістік арғы бетінде. Енді түсініп көріңіз. Ол жайылымға егістікті баспай мал қалай өтпек?! Ерте көктемде ауыл тұрғындары осы мәселені ашына айтқан соң барып көрдік те. Жергілікті шаруашылық басшылары егістік орта­сынан көлденеңі 300 метр жол қалдырамыз, мал сол жерден өтіп, жайылымға барсын деген уәж айтты. Негізі тығырықтан шығатын жол бұл емес қой. Әуел баста жерді бөлген кезде ауыл іргесіндегі алқапты жайылым етіп бос қалдырып, егінді әрірек ексе де болар еді. Сол кезде ешкім де өкпе айтып, тиісті орындардың табалдырығын тоздырмас еді. Мұндай ойланбай, иен тегін жерді бейберекет бөлудің көп жерде кездесетінін екпін түсіріп айта кетуге тиіспіз. Әйтпесе, миллион гектар жері кәдеге аспай бос жатқан өлкеде жайылым табылады.

2022 жылдан бастап осы бір өткір мәселеге мемлекет тарапынан айрық­ша көңіл бөліне бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай жерге байланысты тексерулерге тыйым салатын мораторийдің күші жойылды. Сол сәттен бастап сең қозғалды. Іле облыстық жер ресурстарын басқару департаменті 334 кәсіпкерлік нысанға қатысты жерді қан­шалықты заңды пайдаланып жат­қандығына орай тексеру жүргізуді қолға алды. Жыл басынан бері 52 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорындар тексеріліп, нәтижесінде 40 ұйғарым жолданды. Қазіргі күні сотқа 116,1 мың гектар жерге бай­ланыс­ты 21 талап-арыз түскен. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­лерді бос жатқандықтан кейін қайтару, заңсыз шығарылған шешімдердің күшін жою туралы 18 талап-арыз қа­рас­тырылуда. Күні бүгінге дейін мемлекет меншігіне 89,2 мың гектар жер қайтарылды.

Департамент басшысы Ерғали Шо­ринның айтуына қарағанда, жерді мемлекет меншігіне қайтару жос­па­ры үш бағытта жүргізілуде. Бұл – тұр­­ғындар тарапынан түскен өті­ніш­тер бойынша пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты тексеру, олардың жергілікті атқарушы ор­ган­дардың қарастыруына жолдау және ауыл шаруашылығы та­уарларын өндірушілер арасында түсінік жұ­­мыстарын жүргізу. Биылғы жыл­­дың басынан бастап департа­мент 40 шаруашылық нысанына 130 мың гектарға жуық жердің пайдаланыл­май жатқаны туралы ұйғарым жолдаған. Бір әттеген-айы, заңға сәйкес нұсқамада көрсетілген заң бұзушылықтың жойылуын тек бір жылдан кейін ғана тексеруге болады. Оған дейін есіл уақыт текке кетеді. Міне, сондықтан департамент қызметкерлері аудандарға шыққан кезде кәсіпкерлермен кездесіп, ауыл тұрғындарының қажеттілігіне орай жайылымдық жерлерді қайтаруды сұрайды. Мәселеге түсіністікпен қа­­рай­тындар да бар. Ол туралы да айта кетелік. Атбасар ауданындағы «Шор­танбай-2020», Біржан сал ауда­нындағы «Болашақ Инвест 2018» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тік басшылары 3 мың гектарға жуық жайылымнан бас тартып, ауыл тұрғындарының пайдалануына берген. Ақкөл ауданындағы «Жарлыкөл» серіктестігі 2 мың гектар жайылым­ды босатқан. Мұндай мысалдар ара­гідік болса да кездесіп қалады. Ол үшін, әрине, жағдайға түсіністікпен қа­раған серіктестік басшыларының әрекет­терін құптауымыз керек. Атба­сар ауданының әкімдігі таяуда 20 мың гектардан астам жайылымның қай­та­рыл­ғандығын жария етті.

Жайылым мәселесі ретке келті­ріл­се, ауыл тұрғындарының көп жыл­­дан бері қордаланып қалған мә­се­­лелері оңынан шешілер еді. Бірақ бұл арада да ойластыратын шаруа аз емес. Айталық, ауыл тұрғы­ны­ның қан­шалықты мал басын ұстауға ха­қы­сы бар екені Қазақстан Респуб­ли­касының «Жайылымдар туралы» заңында тайға таңба басқандай етіліп, айқын жазылуы керек. Ауылдағы малсақ қауымның бағымындағы мал саны да әрқилы ғой. Мәселен, бір отбасында 5 сиыр болса, көршісінде 50 ірі қара мал. Мұндай жағдайда келісім қалай жасалмақ. Ендігі бір мәселе – ата дәстүрімен бүгінгі күні тусырап бос жатқан жайлауларды тиімді пайдалану. Бір қарағанда, реттеуге болатын шаруа тәрізді. Ол үшін су айдындары жоқ жерге ұңғымалар қазып, электр қуатын тартса, жетіп жатыр. Ал иен жайлау біздің өңірде аз емес. Есілдің бойы мия, бозқанақ, бозжусан, қоңырбас, ақселеу өсетін, изен мен қараөлең жайқалған құнарлы жайылымға толы. Тіпті әсірелеп айтқанда жетек шаншысаң, арба өсіп шығады дейтіндей. Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жыланды тәрізді аумағы әлденеше көш болатын жерлерде қаншама мал бағуға болар еді. Енді бір кезекте бос жатқан жерлерді есепке алып, көпжылдық екпе шөптер ексе, жер құнары арта түспей ме? Сол сәтте жайлаудың да жаны кіріп қалары даусыз. Бәлкім, малы көп шаруалар ауыл маңында отты жер аз болса, ерте көктемде бірі­гіп, жайлауға шығу қамын жасаса.

Жер мәселесінде түйткілді тұс әлі де аз емес. Осыған орай департамент бас­шысының да пікірі көңілге қо­ным­ды айтылған тәрізді.

– Әрине, шағым айтып келетін адамдар аз емес. Бірақ белгіленген тәр­тіп бар екенін ескеруіміз керек, – дейді Ерғали Шорин, – кәсіп­кер жерді 20 жыл пайдаланбаса да тек­се­ріп, шара қолдану үшін ша­ғым­да­нушының арыз-шағымы дұрыс түзілуі керек. Әйтпесе біз тек­се­руді өз бетімізше ұйымдастыра алмаймыз. Әрбір тексеру құқықтық статистика ор­ган­дарында тіркеледі.

Алдағы уақытта бос жатқан жер­лер­ді мемлекет меншігіне қайтару жұ­мыстары жалғаса бермек. Жер те­лімдерін алудың заңдылығы да тексерістен өткізіледі. Міне, осындай сүзгімен сүзілген кезде егістік және жайылымдық жерлер жалпы жұрт­тың кәдесіне жарап, ел игілігі артып, ырысы көбейеді. Еліміздегі әділеттің салтанат құруы осындай іргелі жұмыстардан басталса керек-ті.

 

Ақмола облысы