• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қыркүйек, 2022

Көкшеге көш келді

201 рет
көрсетілді

Күні кеше жер жәннаты Көкшеге қияндағы Түрікменстаннан жеті отбасы көшіп келді. Салт басты, сабау қамшылы емес, үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасы бар отбасылы. Алыстан аңсап жеткен қандастарымызды қала басшылары мен көкшетаулықтар темір жол бекетінде қарсы алып, дос құшағын айқара ашып, қарсы алды.

Барлығы 30 адам екен. Қала әкімінің орынбасары Аза­мат Ысқақовтың айтуына қарағанда, жергілікті билік бар­лық жағдайын жасамақ. Құ­жаттарды рәсімдеу, жұмысқа орналастыру, балаларды мектепке және мектепке дейінгі мекемелерге орнықтыру тарапынан ешқандай қиындық болмауға тиісті.

Облыстық жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағдар­ламаларды үйлестіру басқар­масы басшысының орынбасары Шолпан Салыққызының айтуына қарағанда, Ақмола облысына Түрікменстаннан барлығы 165 адамнан тұратын 51 отбасын көшіру жоспарланған. Қандастар Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар тәрізді он ауданға және облыс орта­лы­ғына қоныстанбақ. Алғашқы кезеңде жаңа ортаға тезірек бейім­деліп кету үшін жан-жақты қолдау көрсетілмек. Әр от­басы мүшесіне 70 АЕК көле­мінде көмек көрсетілу қарас­тырылған. Бір айта кетерлігі, туған жердің топырағына орал­ған қандастар мұндай же­ңілдіктерге квота алған соң ие бола алады.

Күздің түнгі аспаны да мейірленіп, жып-жылы болып тұр. Зәу биікте тананың көзіндей жарқыраған жұлдыздар да атажұртқа табаны тиген тәмам елдің жанарларына сәулесін түсіріп, шапағатын құйып тұр­ғандай.

Қандастар да, қарсы алушы тарап та қауқылдасып, бұрыннан таныс-біліс, етене жақын адамдардай қауышып жатыр. «Сапар оң болсын!», «Көш көлікті болсын!» деген ізгі тілектер айтылуда. Қан­дастар үміт отын ала келгендей. Мәселен, ана тілінің кір­пігі ғана қимылдайтын, салт-дәстүріміздің жұқанасы ғана қалған Көкшетауға жаңа леп келіп, көшпен бірге ары­дағы әдемі салт-дәстүріміз оралып жатса, көненің күбісі күм­піл­деп, кенереміз кеңіп қал­май ма?!

– Сәтін салып бүгін киелі Көкше топырағына жеттік, – дейді қандасымыз Ходжаберген Байболатов. – Қай қиырда жүрсең де ата-баба топырағы жадыңнан шықпайды ғой. Көкіректегі сезімді келістіріп айта алмай қиналып тұрға­нымды қараңызшы. Ең бастысы, мына балапандарым ата­жұрттың ауасын жұтып, оттай ыстық топырағын басатын болды. Одан асқан бақыт бар ма?!

Шынында да солай-ау!

 

Көкшетау