Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қостанай облысы әкімдігі бірлесіп Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырған «Ахаң жүріп өткен жолмен...» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұлт ұстазының туған жеріне аттанды.
Мазмұнды сапар аясында бір топ ахметтанушы ғалымдар алдымен Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы Ахмет атамыздың бюстіне гүл шоғын қойып, одан соң А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде дөңгелек үстел өткізеді. Содан кейінгі іс-шара Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтындағы ұлт ұстазына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласады.
Бұдан соң экспедиция мүшелері Торғай жеріне бет алып, жолай Ахаңның рухани серігі Міржақып Дулатұлының Жангелдин ауданы Бидайық ауылындағы кесенесіне соғып, ұлт қайраткерінің рухына дұға бағыштаса, 16 қыркүйекте ахметтанушылар Торғайдағы Ахаң мен Жақаңның ескерткішіне тағзым етіп, Алаштың қос арысы атындағы музейді аралап, аудан жұртшылығымен жүздеседі. Сондай-ақ ғалымдар Ахмет атамыздың туған ауылына да ат басын тіреп, ата-бабасының зиратына тәу етіп, ел адамдарымен кездеседі.
«Алдымызда ұзақ та қасиетті жол тұр. Ахаңның рухымен қауышу, Ахаң рухын жаңғырту, ізі қалған топырақты басып өту бөлекше қадам, ерекше сезіммен орындалатын іс болса керек. Енді осы сапарды абыроймен жүріп өтуге жазсын!» – дейді экспедиция мүшесі, белгілі ғалым Бекжан Әбдуәлиұлы.