Дүниеде тек Құдай мұңсыз. Тәңірінің құдіретін көрем десең тауға бар. Жалғыздық Құдайға жарасар. Таңғы нәсіп – Тәңірден. Жыртық үйдің Құдайы бар. Құдайсыз қурай сынбайды. Осылай жалғаса беретін қазақтың Құдай туралы сөзінің қашан, қай ғасырда қолданысқа енгенін нақты білмесек те, әзелден жаратылыстың сыры мен сипатын тереңінен тануға құштар екенін көреміз. Халқымыздың қанындағы толеранттылықтың тамыры табиғатпен етене туған жаратылыс тілін жүрекпен түсінуде болар, бәлкім.
Өркениеттер үйлесімінің үлкен шаңырағына айналған Қазақ елінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында жаһанның жан-жағынан таспиық тартқан, дағаралы ақ сәлде киіп, шапанын шарт буынған, желбегей жамылған төрткүл дүниенің тақуалары, дінбасылары елордамызда бас қосты. Діндер құрылтайының биылғы басты меймандарының бірі Рим Папасы Франциск те арнайы келіп, Әділетті Қазақстан құрудағы жаңа бастамаларға, елдің өсіп-өркендеуіне, дамуына деген ақжарма тілегі мен киелі дұғасын арнап жатыр. Лайым қабыл болсын!
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Орталық Азия елдері арасында католик қауымының ең көп өкілі біздің елімізде тұратынын айта кеткен ләзім. Сондай-ақ биыл алақандай қала-мемлекет болса да, дүйім дүниені аузына қаратып отырған Ватикан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы съезд алғаш шақырылған 2003 жылдан бері Рим Папасының екі мәрте конфессияаралық диалогқа қатысуы Қасиетті Тақтың Қазақстанның әлемдегі келісімді сақтау мен тұрақтандырудағы жан-жақты ізгі саясатын қолдайтынын көрсетеді.
Кешегі ізгі жүздесулерде Понтифик қазақтың «Береке басы – бірлікте» деген тәмсілін тіліне бекер тиек еткен жоқ. Біз де қазір шырпы тисе лау ете қалатын қураған қаудың ортасында қалғандай күрделі геосаяси күй кешіп отырған әлемнің бір бөлшегіміз. Бір тудың астында болған бұрынғы одақтас елдердің кейбірінің арасындағы алауыздыққа араағайындық көрсету де осы съезге қатысып жатқан қасиетті дін өкілдерінің миссиясы болмақ. Өйткені ізгі сенім ешуақытта соғысты қолдамайды, нақақ қан төгуді айыптайды. Сондықтан Қасиетті Тақтың қазақ тәмсілін еске алуы ұлтымыздың ұйысып отырғанына тәнті болуы, бейбітшілікті сақтауға үлгі қылуы деп түсіндік.
«Бүгінгі ең басты қауіп-қатер – кедейлік. Абай осыны байқаған. Әділетсіздік, теңсіздік орын алып тұрған кезде сенімнің болуы қиын», деді Католик шіркеуінің басшысы. Францисктің бұл сөзі шын мәнінде халықшыл, адамзаттың алдағы ахуалына алаңдаушылық білдірген үндеу. Сондай-ақ елдегі халықтың табысын арттыру туралы бастамаларға дем беретін қолдау.
Ең бастысы, елімізге жиырма жыл бұрын келген Рим Папасы ІІ Иоанн Павел де Абайдың ғақлиясын ана тілімізде еске алған-ды. Қазақ жерінің қуғын-сүргін көріп, азапқа түскен, айдалғандар мен қаһармандар жері екенін, ойшылдар мен суреткерлер елі екенін айтып, ынтымақтастық пен бейбітшілік рухында ештеңеден тайынбауға тілек білдірген.
Міне, бір жарым ғасыр бұрын ғана Шыңғыстаудың шоқтығынан шартарапқа ой жүгірткен хакімнің асыл сөздерін алты құрлыққа жайылған алып діннің қайраткерлері еліміздің төріне келіп айтуы да айрықша толқытады.
«Мен домбырамен сөзімді, тілегімді үйлестіргім келеді», деп бастаған шынайы ойын Франциск қазақ ұлт аспабының екі ішегі ежелгі заман мен осы уақыттың сырын шертетінін, домбыраның үні – қайшыласқан әлемнің, яғни жауыздық пен мейірім, соғыс пен бейбітшілік, сүреңсіздік пен сұлулық арасын жалғайтын үйлесім екенін жеткізді.
Понтифик осы ұшы-қиырсыз Ұлы даладағы қиындыққа қайсарлықпен қарсы тұрып келе жатқан халқымыздың өмірсүйгіш қасиетін айтуда да киелі аспаптың тіл ұшына оралатынына тоқталуы шын мәнінде тұла бойды шымырлатқан жылы ағыс сықылды әсер қалдырады.
Дін тазасын ой табар деген де осы шығар, әсілі. Рим Папасының Қазақ елінің табиғатын қазақы қалыпта түсінуі қуантты. Бұл біле білгенге, елімізге, халқымызға, дәстүрімізге деген үлкен құрмет!