Қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары әкімдікте өткен брифингте елордада жылу беру маусымы қашан басталатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бағдат Байсадықов елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды жаңа жылыту маусымына дайындау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Білім беру және денсаулық сақтау объектілерін дайындау аяқталу сатысында. Олар бойынша жұмыстарды 23 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Тұрғын үй қоры бойынша дайындық 85%-ды құрайды. Жалпы алғанда, 2999 үйдің 2557-сі дайын», деді Бағдат Байсадықов.
Бірақ брифингте жылу нақты қай күні берілетіні айтылған жоқ.
Айта кетсек, елордада жылу бес тәулік ішінде сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы +10 градус және одан төмен болған кезде беріледі. Тиісті шешімді қалалық әкімдік қабылдайды.
Соңғы екі жылда Нұр-Сұлтандағы жылыту маусымы қыркүйек айының соңында басталған еді.
Халықты көмірмен қамтамасыз ету туралы айта келе, спикер қалада 14 сату орны бар екенін, онда сегіз сатушы компания жұмыс істеп жатқанын хабарлады.