Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Бурабайда республикалық жетекші басылымдар өкілдерінің баспасөз турын өткізді. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат бағының (МҰТБ) «Визит орталығындағы» мәслихатпен басталған кездесуде Президенттің Іс басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин курортты аймақты дамыту жөнінде кеңінен әңгіме қозғады.
Сондай-ақ, Президенттің Іс басқармасына қарасты ұйымдар жұмысын басқару бөлімінің басшысы Қанат Ыдырысов пен «Бурабай» МҰТБ директоры Аманкелді Муенов журналистердің көптеген сұрақтарына жауап қайтарды. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуға орай Президенттің Іс басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, «Бурабай» МҰТБ аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың таныстырылымын өткізді.
Бурабайға қатысты байлам мен баян
Көрікті Бурабай жұпар шашқан қалың орманымен, күміс айдынды көлдерімен, мәдени-тарихи жауҺарларымен жұртшылықты баураумен келеді. Бұл өңір республика тұрғындарының, Ресейдің көршілес облыстары туристерінің, алыс шетелдік қонақтардың дәстүрлі демалыс орнына айналғаны. Мұнда келушілер жаз айларында күніне 100 мың адамға жететіні белгілі. Бұл аймақ мойнындағы салмақты қалыңдата түседі. Сондықтан, баспасөз мәслихатын өткізушілер заманалық туризмді өркендетуде тек қана табиғи ресурстармен шектеліп қалуға болмайтынын атап көрсетті. Табиғи кешенді үздіксіз пайдалану экологиялық жүйенің бұзылуына, ластануына әкеліп соқтыратыны мониторингтік талдамалармен, слайдтық деректермен түсіндірілді.
Бурабай курортты аймағын дамыту мемлекеттің айрықша бақылауында ұсталып, маңызды бағдарламалық құжаттарға топтастырылған нысаналы жұмыстар жүргізілуде. Журналистер, бұл орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы тарапынан атқарылып жатқан істерге қанықты. Өңірде Президенттің Іс басқармасына қарасты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат бағы, қазақстандық «Лапландия», «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені қызмет өрісін кеңейтуде.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2000 жылғы Жарлығымен құрылған «Бурабай» МҰТБ-ның жалпы аумағы 129,5 мың гектарды құраса, оның 89 мың гектарын орманды алқаптар, 10 мың гектарын су айдыны алып жатыр. Президенттің Іс басқармасы 2006 жылдан бастап айрықша қорғалатын аймақтағы жұмыстарды үш бағытта жүргізуде екен. Яғни, инженерлік жүйе (сумен қамтамасыз ету, канализациялық құрылғылармен және электрмен қамтамасыз ету) құру, көлдер жағалауын абаттандыру (жалдау пункттерін қоса есептегенде жаяу жүргіншілер мен веложолдар салу және заманалық туристік нысандар жүйесін пайдалануға беру жұмыстары қолға алыныпты. Іс басқармасы аталған шараларды Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуға бағытталған арнайы бюджеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарымен тығыз байланыста жүргізіліп отырғаны атап өтілді.
Іс басқармасы курортты аймақты дамытудың Жүйелік жоспарына сай, бүкіл қызметті туристік белсенділіктегі негізгі үш бағытта қолға алыпты. Олар Шортан, Бурабай, Үлкен және Кіші Шабақты көлдерінің аумағына және Сарыбұлақ ауылы мен Жөкей көлінің маңайына шоғырланған. Басқарма бұл тұрғыда белсенді жұмыстарды бастап кетіпті. Бұл аймақтағы бірінші кезектегі міндеттерді жүзеге асыру үшін Президенттің Іс басқармасы 2009-2011 жылдары Шортан көлінің маңайындағы инфрақұрылымдық жобаны табысты аяқтады. Осының нәтижесінде14,3 шақырымдық су жүйесі, 28 шақырымдық канализация тоқтаусыз жұмыс істеуде, сондай-ақ, 5 және 9,4 шақырымдық электр мен байланыс желісі тартылды. Бұл нысандар аудан орталығы – Щучье қаласын да қамтиды.
Журналистер катерге мініп, Шортан көлінің жағалауындағы инфрақұрылымдарды, жаңадан салынған туристік нысандарды көлікпен аралап көрді. Демалыс орындықтары қойылған 9,3 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы саяхатшылар игілігіне беріліпті. Қазіргі күні велоспорт жолының құрылысы қызу жүргізілуде екен. Ол шамамен 20 шақырымды құрайды және қыс айларында шаңғышылар игілігіне жаратылады. Бұл нысанның маңыздылығы курорттық күре жолдардағы велосипедшілердің, роликтік коньки тебушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні белгілі. Басқарманың тікелей қатысуымен Бурабай кентінде «Визит-орталық» салынып, зообақта қайта құру жұмыстары, Абылай хан алаңында экспозициялық кешен, мұражай, қоғамдық тамақтану нысандары пайдалануға берілген.
Пресс-турға қатысушылар биылғы қолға алынған жобалардың таныстырылымына қатысты. Мұнда Бурабай кентінен бастау алып, көлдерді жағалап, «Оқжетпес» шипажайына дейін тартылатын 32 шақырымдық су және 40 шақырымдық канализация жүйесінің маңызы орасан болмақ.Бұл автономдық құбырлардан су тартуды шектеп, көлдердің тартылмауына, ластанбауына жол ашады. Құрылыс алаңдарында болғанымызда жұмыс барысына оңтайлы өзгерістер енгізілгенін байқадық. Ендігі жерде велосипедшілер жолы 25,4, жаяу жүргіншілер соқпағы 27,5 шақырымды құрайтын болады.
Басқарма мамандары туристік тартымдылықты арттыру мақсатында Бурабай кентінде спорттық-сауықтыру орталығын салуды жоспарлап отыр екен. Жабық үлгідегі бұл нысанда аквапарк, су аттракциондары, спа-салон, фитнес-бар, мерекелік шараларға арналған алаңдар, автотұрақ, дәмханалар мен дүкендер жұмыс істейтін болады. Балаларға арналған базарлық та молынан орын теппек. Бөбектер кең ауқымды қызметпен қамтамасыз етілсе, ересек балалар картингпен, альпинистік туризм, скейт-парк және басқа ойындарға тартылады.
Біз айналма жол арқылы биік шоқылардың басына шықтық. Бұл жерден Үлкен және Кіші Шабақты көлдері алақандағыдай көрінеді. Мұнда келуіміздің өзіндік мағынасы бар екен. Қазіргі таңда аталған көлдерге жұртшылық тарапынан қызығушылық артып отырған көрінеді. Өйткені, мұндағы су мөлдірлігімен еліктіреді. Су спортын дамытуға да мүмкіндік көп болып шықты. Сондықтан, қос көлдің маңайында спорттық демалыс нысандарын салу жоспарланыпты. Сондай-ақ, Бурабай кентінен бастап Ақылбай ауылына дейін 31,5 шақырымдық су, 38,5 шақырымдық канализация, 27,1 шақырымдық электр желісі мен 9,4 шақырымдық автомобиль жолы тартылмақ.
Аталған аймақты дамыту мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында, өзара қолайлы шарттар негізінде инвестиция жұмылдыру есебімен іске асырылады деп күтілуде. Сондықтан, жеке бизнес өкілдеріне барлық қолайлы жағдайлар жасау аса маңызды болмақ. Жоғарыда аталған инфрақұрылым жүйесі осы мақсатты көздейді. Сондай-ақ, «Мемлекеттік ұлттық табиғи бақтарында туристік және рекреациялық қызметті жүргізу ережесіне» сәйкес, «Бурабай» МҰТБ жерлерін биылғы жылдың өзінде қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (49 жылға дейін) жалға беру конкурстарын өткізу қолға алынбақ. Жерді қысқа мерзімге алғандар шатырлық лагерьлерді, балықшылар орталығын, суға түсу алаңдарын, демалыс нысандарын, этноауылдарды жабдықтаса, ұзақ мерзімде пайдаланатындар кемпингтер, тау-шаңғы базаларын, емдеу-сауықтыру кешендерін, спорттық нысандар мен яхт-клубтарды қатарға қосады деп күтілуде. Өлкені өркендетуге тілек білдірушілер қатары қалыңдай түскені осынау игі істің ортақ қайтарымы болатындығына күмән туғызбайды. Мұнымен қоса, болашақтағы нысандар азаматтардың әртүрлі топтарына ыңғайластырылып, қолжетімді негізде бой көтеретіні көңілден шығатынын бөлектеп айтқымыз келеді.
Сапар барысында бүгінгі қолда бар инфрақұрылымдарды пайдалану жаңа көзқарасты, қызықты ұсыныстарды қажет ететіндігін білдіреді. Аймақтың мүмкіндіктері мен қуаты Бурабай өлкесін өркендете жандандыруға және оны халықаралық деңгейге көтеруге нақты негіз болады. Кездесуді ұйымдастырушылар мемлекеттік-жекеменшіктік ынтымақтастықты табысты жүргізген жағдайда Бурабай курорттары әлемдік туризм нарығында өзінің лайықты орнын алатынына және ол жоғары деңгейдегі бәсекеге қабілетті туристік кластерді қамтамасыз етуге мүмкіндік ашатынына сенім білдірді.
Табиғат бағындағы тамашалар
Пресс-турдың екінші бөлігі «Бурабай» МҰТБ аумағын аралауға арналды. «Визит орталықтағы» мұражайдың, оған іргелес зообақтың танымдық-тәлімдік әсері мол деуіміз керек. Ал, әйгілі Абылай хан алаңындағы тарихи жәдігерлер, ондағы ауқымды мұражай кешені, айбынды стелла бізді ғасырлар қойнауы мен бүгінгі жетістіктерімізге жетелегендей болды. Дәл осы тұста журналистерге ерекше құрмет көрсетілгенін қуанышпен айтқымыз келеді. Біз көрнекі жерге 16 түп балауса қарағай отырғыздық. Оған «Журналистер аллеясы» деген атау да беріп қойдық.
Елбасының Іс басқармасы Бурабайдың абыройын көтерген бес жұлдызды «Риксос» отелінің іргесінде қазақстандық «Лапландия» мұз қалашығының кешенін пайдалануға беруі мәдени өміріміздегі елеулі оқиға ретінде қабылданды. Мұнда біз Санта Клаустың офисі мен поштасында болып, шаман деревнясын, мұзды театрды аралап көрдік. «Лапландияда» қыс қызығы ерекше екендігі туралы газетімізде жазған болатынбыз. Ендігі жерде жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесі қаралып жатқанын білдік.
Жолсеріктеріміз бізді Ұлттық бақтың қалың қойнауына бастап жүрді. Айрықша қорғалатын аймақта Ақтас, Сарыбұлақ, Торыайғыр, Жалайыр, Қарақоға және Бұланды орманшылықтары жұмыс істейді екен. Ұжымдағы 400 адамның барлығы өз ісіне берілген азаматтар екендігі атқарылған қыруар жұмыстан-ақ байқалып тұр.
Алға қадам басқан сайын ертегілер әлеміне бойлай түскендейміз. Ана жерден пыр етіп қырғауыл, мына жерден үйрек-қаз ұшады. Суырларыңыз емін-еркін жайылып жүр. Орман қойнауында бұғы, елік үйірлері қараңдайды. Анандай жерде күміс түлкі бұлғақтайды. Суағарлар мен жыныс тоғайды жағалатып 67 қолдан азықтандыру қондырғылары орнатылыпты. Көлігіміздің алдын жабайы шошқалар шаңдатып кесіп өтті. Кішкентай торайлардың топырлай жүгіргені еріксіз езу тартқызды. Ұлттық бақ қызметкерлері биыл жабайы жануарлардың қарасы көбейе түскенін айтады. Жалпы, 300 гектар жерді алып жатқан ұлттық бақ бай табиғатымыздың берерін молайтып тұрғандай еді. Сондай-ақ, біз бақтың жаңа өндірістік базасын аралап көріп, ағаш дайындайтын заманалық техникалардың жұмыс барысындағы қарымына қайран қалдық.
Іс басқармасына қарасты «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде демалушыларға барлық жағдайлар жасалған. Мұнда медициналық туризм өркендей түскен. Жаңа әдістемелер де кеңінен қолданыла бастаған. Журналистер емдеу корпусында тригерлі аумақ ультра дыбысын қолдану, маржанды және радондық ванналарды енгізу, «Стандарт» пантымен емдеу бағдарламалары және демалыс күнгі сауықтыру бағдарламаларымен танысты. Демалушыларға қымыз бен қымыран, фитошайлар, коктейльдер, «Құлагер-Арасан» емдік табиғи минералдық суы ұсынылады.
«Оқжетпес» 2006 жылы «Әлемнің үздік курорты» атағын жеңіп алса, 2012 жылы «Еуропалық сапа» жоғары халықаралық марапатын иемденген. Тынығушыларға жоғары біліктіліктегі 10 дәрігер, 32 медбике қызмет көрсетеді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.