• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2014

Оңтүстік білім мен ғылымның орталығы болуы тиіс

423 рет
көрсетілді

– деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды. Қабырғалы қазақтың өзегін ұстап отырған Оңтүстік өңіріне Елбасының келуі қашанда үлкен оқиға, биік мәртебе. Атажұрттың айбынын асырар толымды тірліктерін көрсетіп қалудың оңтайлы бір сәті осындайда түссе керек. Елбасының алысты көздеген, тереңнен толғаған сара саясаты мен Үкіметтің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағытын айқындап алудың нәтижесінде Оңтүстікте де оңды өзгерістерді аз кездестірмейсіз. Бәрін бірдей айтпай-ақ, өткен бір жылды ғана сөз етсек, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өндірілген жалпы өңірлік өнімнің мөлшері 2,1 трлн. теңгені құрады. Экономикалық дамудың басты көрсеткіші болып табылатын бұл шартты өнімнің көлемі соңғы бес жылда 2,3 есе өсті. Сапары барысында Мемлекет басшысы облыстағы бірқатар нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныс­ты, халықпен кездесіп, тұрмыс жағдайын бағамдады. Елбасы, алдымен, Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылдық округінде орналасқан Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнының жұмысын көрді. Ол сәндік ағаштардың көшеттері мен көкөніс дақылдарының тұқымдарын өндіреді. Бірлескен кәсіпорын 27 гектарға сәндік ағаш көшеттерін, 33 гектарға көкөністің тұқымдық сұрыптарын отырғызған. Аталған жобаға 5 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Бүгінге дейін 1,5 млн. АҚШ доллары тартылды. Кәсіпорында 50 адам тұрақты, 200 адам маусымдық жұмыс атқарады. Өткен жылы желтоқсан айында ашылған «Бал текстиль» ЖШС-нің кілем және кілем бұйымдарын шығаратын фаб­рикасы – Оңтүс­тік өңірінің бір мақтанышы. Жоба бойынша алдағы уақытта төрт кезеңнен тұратын 26 желі іске қосылатын болады. Бұл 700 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Қазіргі уақытта өндіріс кешенінің алғашқы кезеңі жүзеге асып, құны 1,7 млрд. теңге болатын алты желі іске қосылды. 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Фабрика елімізде теңдесі жоқ белгиялық «Wanderwii» компаниясының жабдықтарымен жұмыс істеп, толық қуаттылығына шыққан сәтте республика нарығының 60 пайызын қамтитын болады. Және экспортқа 1-2 млн. шаршы метр кілем және кілем бұйымдарын шығаруға мүмкіндік алмақ. Жаңа әкімшілік-іскерлік орта­лығында Мемлекет басшысы бір ауысымда 500 адамды қа­был­дайтын №3 Шымкент қалалық емханасының жұмысымен таныс­ты. Емхана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынып, өткен жылы пайдалануға берілген. Медициналық мекеме Шымкент қаласының қар­қынды өсіп келе жатқан «Отырар», «Нұрсәт», «Айқап», «Түр­кістан», «Тараз» шағын аудан­дарының тұрғындарына қыз­мет көрсетеді. Мұнда 220 дәрі­гер мен орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Ем­хана заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен, атап айтқанда, сәулелік, маммографиялық, функ­циялық, эндоскопиялық, био­химиялық, иммунологиялық диагностикамен қамтылған. Облыста денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударылып келеді. Соңғы 5 жылда 264 жаңа медициналық нысан са­лынып, ел игілігіне берілсе, биыл­дың өзінде 65 медициналық ны­сан­ның құрылысы басталды, оның 53-і облыс бюджеті есебінен тұрғызылуда. Елбасы Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында салынған «Көрме орталығында» болып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Көрмеде облыстағы алпыстан астам өндіріс орны өз тауарларын жайып салды. Мұнда фармацевтика, азық-түлік, тоқыма, тігін, құрылыс материалдары, машина жасау, мұнай өңдеу, резеңке және пластмасса, жиһаз, химия салаларын қамтитын кәсіпорындардың өнімдері қой­ыл­ған. Көрмеге қатысқан кәсіп­орындардың жартысы мемлекеттік ҮИИД бағдарламасы аясында іске қосылған. Бұлар әлемдік стандарттар мен алдыңғы қатарлы технологиялар бойынша тауар өндіріп, республикамызда теңдесі жоқ импорт алмастыратын кәсіпорындар санатына енеді. Жұмыс сапарының соңына қарай Елбасы оңтүстік кәсіп­кер­лерімен кездесті. Оңтүстік Қа­зақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Елбасының тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқтала келіп, облыстық бюджет қаржысының негізінен әлеуметтік нысандар құрылысына бағытталып отырғанын баса айтты. Соның нәтижесінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп келе жатқанына назар аударды. «Ордабасы құс» ком­па­ния­сының бас директоры Мұрат Тағаев сөйлеп, ауыл азаматтарының өмірінде қазіргі кезде үлкен өз­герістер болып жатқанын, олардың кәсіпкерлікке бет бұруының нә­тижесінде табысты бизнес иеле­ріне айнала бастағанын айтты. Мұның Елбасының шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырған әкелік қамқорлығының арқасы екенін атап көрсетті. «Хлопкопром-целлюлоза»ЖШС-нің басшысы Қайнар Абасов Кеден одағы жағдайында жұмыстарының жандана түскенін атап көрсетті. Бұдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Президент, ең алдымен, Оңтүстік Қазақстан облысында шағын және орта бизнесті қарқынды дамытуға байланысты көптеген жұмыстардың қолға алынып отырғанын атап көрсетті. Қазіргі уақытта экономиканың негізгі бір тұтқасы кәсіпкерлік болып отыр. Жалпы, мегаполис орталығы ретінде Шымкент қала­сының еліміз бойынша маңызы жылдан жылға арта түсуде. Шым­кенттің маңайындағы ауылдардың есебінен қала халқын көбейту жос­парлы түрде жүргізіліп келеді. Оны миллион тұрғыны бар қалаға айналдыру, қала орталығын бұ­рынғыдан да көркейтуге мемлекеттен тиісті қаржы бөлінуде. «Облыс орталығы миллионер қала болғаннан кейін ол білімнің де, ғылымның да орталығы болуы тиіс», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ол оңтүстікқазақстандықтардың басты жетістігінің бірі облыс тұрғындарының орташа өмір сүру жасының 71 жасқа дейін ұзарғанын және медициналық қызмет көрсетуді жақсарту нәтижесінде ана мен баланың өлімі азайғанын атап көрсетті. Сонымен қатар, Президент жастарды кеңінен жұмысқа тартудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта бұған толық мүмкіндік те бар. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралінің іске қосылуы облыс үшін үлкен мүмкіндіктер ашуы тиіс. Сол магистральға қызмет көрсету есебінен ғана шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша жағдайлар туғызылатын болады. Барлық трассаның бойында осы ірі магистральдарға қызмет көрсететін шағын және орта кәсіпорындар пайда болуы керек. Қазіргі міндет Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүктер мөлшерін соңғы жылдарда екі есе ұлғайту жөнінде болып отыр. Сондай-ақ, Жезқазған – Балқаш арқылы өтетін жаңа теміржол құрылысы аяқталып келеді. Жезқазғаннан Қызылордаға қатынайтын автожолдар мен облыстардың ішкі жол қатынастарын жақсарту үшін де жұмыс қолы көп керек. Президент оңтүстікте жұмыссыздық пен тұрмысы төмен отбасыларды қолдау жөнінде жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқанын атап өте келе, жас­тар арасындағы жұмыссыздықты жоюға қатысты ұсыныстарын айтты. Әртүрлі жоғары оқу орындары мен колледждерді, кәсіптік мектептерді бітірген жастардың көбіне өмірден өз орнын таба алмай қиналып қалатын кездері аз емес. Неге оларды солтүстік облыстарға арнайы жолдамалар арқылы бағыттап отырмасқа? Базарларда арба сүйретіп, ілдәлдалап нан тауып жүргеннен гөрі, бұл әлдеқайда тиімді емес пе? Жастардың мамандық алып, шағын бизнеспен айналысуына барынша мүмкіндік жасалған. Мемлекет елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бөліп отыр. Қазіргі уақытта әлем жұртшылығы экономикалық дағдарысты әлі де еңсере алмауда. Оның үстіне, саяси жағдай шиеленісіп кетті. Соған қарамастан, Қазақстанға Азия Даму банкі, басқа да әлемдік банктер қолұшын беруден бас тартып отырған жоқ. Сондықтан да осындай жағдайларды тиімді пайдаланып, кәсіпкерлер өз өнімдерін шетелге шығаруды ойластыруы қажет. Кеден одағы дегеніңіз өз-өзінен пайда бермейді, ол үшін көп тер төгу қажет. Бұл үшін мемлекет қолдан келгеннің бәрін жасауда. Тауарлардың санын ғана емес, сапасын арттыруға көңіл бөлу керек. Кәсіпкерлермен әңгіме барысында Елбасы бұдан басқа да мәселелерге жан-жақты тоқталды. Ол үшін облыстағы апатты мектептер мен үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің жайы да, Көксарай су қоймасы мен Мақтааралдағы суармалы егіншілікке қатысты мәселелер де шет қалған жоқ. Тиісті басшылар жауап қайтарды. Содан соң кәсіпкер Талғат Елубаевтың «құдай қаласа» деп жиі қолданатын сөзін еске алып, жиналған көпшілікті бір күлдіртті де, «Біз суы тапшы елміз ғой, дегенмен, Алла сәтін салса, барлық қиындықты жеңіп шығамыз!» деді. Мархабат БАЙҒҰТ, «Егемен Қазақстан», Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ, журналист. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.