• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2014

Тал түстегі тонаушылық

509 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газеті «Мал ұрлығы қайтсе тыйылады?» деген қазақ халқы үшін ерекше өзекті жайды дер кезінде қозғап отыр. Осыған орай, Жаңақорған ауданында болған оқыс оқиға қолыма қалам алғызды. Біраз жыл бұрын тестілік сынақтың нәтижесін сатумен ұсталған топ құрықталып, Жаңақорған ауданы бүкіл республика алдында жаманатты болған еді. Жақында одан да сорақы қыл­мыс орын алды. Бір күнде Бірлік, Қыраш, Қосүйеңкі, Жайылма ауылдарының падаға қосылмайтын сиырларын мылтықпен қаруланған үш жігіт өздерінің ақ адал малдары секілді алдарына салып, айдап кеткен. Бір ғана Ақүйік ауылдық округіне қарасты Бірліктен ғана күнделікті сүтін талғажау етіп отырған қарапайым жандар 22 малынан тал түсте көз жазып қалды. Бірнеше күн іздеген соң, куәлер де табылады. Ауылдың тұсынан үш аттылы, қарулы адамдардың сиырларды алдына салып айдап бара жатқандарын көргендер бар. Ауылдың учаскелік инспекторы арнайы топ құрып, дереу із кесіп, тау-тасты жағалап барса, Қаратаудың теріскейіндегі Ақсүмбе жаққа қарай өтіп кеткендігін анықтаған. Білетіндер Ақсүмбенің теріскей жағында мал ұрлығын кәсіп еткен топтардың он-онбестен ауыл болып тұратындардың ешқашан ұрлығын мойындамайтындығын, қажет болса, іздеушілердің өздерін құрбандыққа шалып жіберулері мүмкін екендіктерін айтады. Бұған сенбейін десеңіз, сол күні тал түсте Жаңақорғанның шеткі жағындағы май құю бекетіне үш адам кіріп, барлық түскен ақшаны қалталарына басып, тайып отырған. Күндіз ауданға белгілі кәсіпкер Әли деген жігіттің үйіне бет-аузын тұмшалаған үш жігіт кіріп келіп, үйіндегі барлық жиған-тергендерін қалтаға басқан. Содан бері тырс еткен ақпарат жоқ. Малын ұрлатқандар да байбалам салып, шулап жүрген жоқ. Май құю бекетіндегілер де тым-тырыс. Әли де ішкі істер орнына арыз түсірмеген. Соған байланысты, әрине, аудандағы ресми орындар да «жабулы қазан жабулы» күйінде қалғанын жөн көрген сыңайлы. Халық малын ұрлатқандар туралы: «Өзі де кінәлі. Ақшасын қимай, малын падаға қоспай жүр еді» десе, май құю бекеті иелері мен Әлиге тісін қайрап: «Оларға сол керек. Арамнан жиғандарын алып кетті», деп кіжінеді. Оңтүстік облыстарда «Мал ұр­лы­ғы» атты рейдтік операция ұйы­м­дастырылды. Неге соны Қы­зыл­орда облысы бойынша ұйым­дастырмасқа?! Тал түсте тонаған барым­ташы­лардың ертең қайта өздеріне айналып соқпасына кім кепіл? Бүгін көршінің, ертең сіздің үйіңізді үп­теп, ақ адал малыңызды айдап кетпесіне кім кепіл? Елдің көпшілігі мал ұрлаушы­ларды кинодағы Робин Гуд секіл­ді көріп отыр. Робин Гуд, ер Мәди­лер байлардың малын тонап, қара­пайым халыққа таратып беретін еді. Бұлардың қайда алып кеткені белгісіз? Егер де, құқық қорғау орындары мен әкім-қаралар дәрменсіздік танытса, қалың көпшілік қолында бар қарулары мен айыр, бақандарын асынып, Ақсүмбеге бет алғалы тұр. Себебі, бұл бірінші рет қайталанып отырған жай емес.  Ескендір ЕРТАЙ. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылы.