• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Елорда 15 Қыркүйек, 2022

Ағаш егу – сауапты іс

575 рет
көрсетілді

Елордада күмбез түріндегі «Өмір ағашы» монументі салынып жатқаны белгілі. Тамаша туынды шаһар төсінде жаңадан қазық қаққан Бейбітшілік және келісім саябағында орын тепкен. Еліміздегі түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейтін жоба Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі аясында қолға алынған болатын. Кеше съезд делегаттары саябақта 60-тан астам ағаш отырғызды.

Ең әуелі Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев құрметті меймандарға монументтің маңыздылығын айтып берді. Әрбір дін көшбасшысы еккен ағаш әлемдік руханиятқа егілген бір тал шыбық болып саналмақ. Ерекше саябақ алдағы уақытта туристер қызыға келетін демалыс орнына айналады деп күтілуде.

Бүгінде күмбез түріндегі ескерткіштің қаңқасы дайын екен. Оның ортасына жапырақты ағаш, емен отырғызылған. Ағаш спиральмен және үйлесімді субұрқақпен қоршалмақ. Автор идеясына сәйкес, ғасырлар бойы тамыры тереңде жатқан су мен өмір ағашы жер бетіндегі тіршіліктің нақты бейнесін айшықтайды. Осылайша, инсталляция барлық конфессиялардың келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақыруын білдіреді. Күмбез өз кезегінде бір аспан астындағы әлемді бейнелейді. Онда 4 негізгі нүктені – Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығысты білдіретін 4 кіру аймағы болмақ.

Күмбез қабырғаларында Дүниенің жаратылуын, Қазақстан тарихындағы оқиғаларды көрсететін бейнелер, сондай-ақ қазіргі заманға үндеу ретінде еліміздің аумағында табылған әйгілі ежелгі жартас суреттері – петроглифтер салынады. Ағаштың айналасындағы спираль аспанды (күмбезді) және жерді (су бетін) байланыстырады, осылайша әлемнің нәзіктігі туралы идеяны жеткізеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі делегаттары ағаш егуге белсенді атсалысып, өз ойларын ортаға салды.

– Съезд өте жоғары деңгейде өтті. Дүние жүзіндегі түрлі дін өкілдерінің басын біріктірген іс-шараның татулыққа үндейтіні белгілі. Съезд шеңберінде ағаш егу идеясының назарға алынғаны қуантады. Себебі бұл – бейбітшіліктің рәмізі. Сүйікті пайғамбарымыздың (салааллаһу ьəлəйһи уə сəллам): «Кімде-кім бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі», деген хадисі көп нәрсені аңғартқандай. Әлемде бейбітшілік болсын! – деді Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир Ракиев.