• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2014

Қауырт желі

607 рет
көрсетілді

Дүниеде ет жақыныңның, я бір жақсы көретін қимас жаныңның теріс ағымның шылауында кетіп бара жатқанын көре тұра шарасыз болудан асқан қиындық жоқ шығар, сірә?! Қайраны жоқ, алысып-айтысарға діни сауатының жетімсіздігі дәрменін кемітіп, пұшайман күйге түскендер санының, өкінішке қарай, жыл сайын кемитін түрі жоқ. Қоғамға түскен зіл-батпан салмақ қаншама отбасыға ойранын салуда. Не істеу керек, осы бір қасіретті, қалыңдай түскісі келіп тұрған қалың тұманды қалай сейілтуге болады? Пошта жәшігінен ай сайын комму­налдық қызмет түрлеріне келетін төлем хабарламасын алғанмын. Конвертті ашқанымда ішінде хабарламаға қосымша қағаз жүр екен. Жазуына үңілдім. Егер сіздің жақын адамыңызға әлдеқандай бір түсініксіз діни уағыздар айтушы барын білсеңіз немесе пәтеріңіздің есігін қағып, болмаса подъезіңізге кіріп, көлікте отырғаныңызда діни мазмұндағы әдебиеттер, үнпарақтар тарату мәлім болса, егер сізді діни басқосулар мен жиындарға ке­луді үгіттесе, жақыныңыз жат ағым­ның шылауына түссе, бізбен хабарласыңыз деп «Қауырт желі» атты Ақпараттық кеңес беру орталығының жұмыс істейтінін, оның 114 нөміріне тегін телефон шалуға болатыны туралы жазылған екен. Төлем хабарламасына Орта­лықтың телефоны жазылған па­рақты қосып жіберуді қалай жақсы ойлап тапқан, қажет адамды құлақтандырудың әде­мі әдісі екен деп іштей сүйсіндім. Телефон шалып, игілікті іс бастауларына ризашылығымды білдіріп, хабарласып жатқандардың бар-жоқтығын сұрадым. Орталықтың басшысы Юлия Денисенко мені қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететінін айтты. Сонымен, орталық қалай жұ­мыс істейді? Кеңес беру 24 сағат бойына үзбестен жүргізіліп, маман заңгерлер мен теологтар, дінтанушылар мен психологтар телефонмен де, жүзбе-жүз де, компьютер арқылы www.1401.kz. желісінде онлайн түрінде де көмек қолын созады екен. Тек Астана ғана емес, Қазақстанның қай елді мекенінен де қалалық телефонға хабарласу тегін. Күн сайын ондаған адам мұңын шағып, қажет тұста барлық мамандар қысылған жанға біріге жәрдем көрсететін Орталыққа тек осы жылдың бірінші тоқсанында 500-дей адам хабарласқан көрінеді. 1200-дей азамат отбасыларында діни ағымның ықпалынан проб­лемалар туындағанымен ортақтасқан. Адасқан адамды қайыра үйіріне қосу – өте бір жауапты да күрделі әрі нәзік жұмыс. Кейде оның толыққанды өз ортасына оралуына көп уақыт жұм­салады деген Орталық мамандары 69 өтініштің құқық қорғау саласына жіберілгенін, ал 4-уі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Діни теріс ағым салған лаң отбасыларды іштен ірітіп, кейде адамдардың өзіне өзі қол салуларына да итермелейтінін айтқан мамандар бүгінгі таңда еліміздің көлемінде 28 осындай Орталықтың жұмыс жасап жатқанынан хабардар етті. Есіңізге саламыз, телефон нөмірі – 114. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».