• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2014

Кэмерон референдум мәселесімен әлек

263 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмеронды жүйкелетіп жүрген екі мәселе бар: біріншісі – Шотландияның Ұлыбританиядан бөлінуі туралы референдум болса, екіншісі – өз елінің Еуроодақтан бөлінуі жайында да референдум өткізу. Біріншісі тым жақын, енді бес айдан кейін, қыркүйектің 18-і күні өтеді, онда Шотландияның ел құрамында қалу-қалмауы шешіледі. Екіншісіне әлі біраз уақыт бар. Онда да өзінің консер­ваторлық партиясы келесі жылғы парламенттік сайлауда жеңіске жететін болса ғана, оның өзінде ол 2017 жылы ғана өтуі мүмкін. Бұл премьердің референдум өткіземін деген уәдесіне қатысты болып отыр. Оның нәтижесі қандай болатыны – екінші мәселе. Шотландтар, әсіресе, оның ұлтшыл тобы, бөліну жайында көптен бері айтып келеді. Тіпті, референдум да өткен. Бірақ шотландтықтардың басым көпшілігі бұған дейін бөлінуді қолдамады. Соған қарамай, аймақтың ұлтшыл топтары бұл мәселені қайта-қайта көтеріп, енді ол қоғамның бас ауруына айналып отыр. Ұлтшыл топ дегенде, бөліну туын көтеріп жүрген Шот­ландияның премьер-министрі Алекс Сэлмонд және ол бас­қаратын Шотландия ұлттық партиясы. Олар, әсіресе, соңғы кезде белсенді қимылға көшті. Соған қарағанда, бөлінушілер күш алып кетіп, жеңіске жетуі әбден мүмкін. Премьер-министр Кэмерон­ның қауіптенуі негізді. Шот­ландия бөліне қалғанда, ол қа­зіргі үкімет тұсында жүзеге ас­қан болып тарихқа енеді. Бұл – Кэмеронға да, оның партиясына да үлкен таңба. Онан соң, бұл аймақ – Ұлыбританияның ортақ бренді. Одан айырылса, ел бренді бәсеңдейді. Тіпті, туына да өзгерту енгізіледі. Содан да Кэмерон Шотландияның бөлінуіне жанымен қарсы және реті келген кезде оларды кетпеуге шақырады. Жақында бір лекция­сында ол: «Тарихтағы ең үздік елден кетпеңдер!» деп үндеу де тастады. Англиядағыларға: «Шотландиядағы таныстарыңа телефон шалып, олардың бө­лінбеуін сұраңдар», деп өтініш те білдірді. Бөлінуді қалайтындар мен оған қарсылардың өз негіздеулері бар. Қалайтындар «ағылшын езгісінен құтылып», «тәуелсіз Шотландияның жарқын бола­шағын қамтамасыз етеміз, өйткені, Солтүстік теңіздегі мұ­найды өзіміз пайдаланамыз», дейді. Қарсыластардың пі­кірінше, шотландтықтар кедейлене түседі, жағдайлары нашарлайды, елде азық-түліктен бас­тап, қызмет көрсетуге дейін бәрі қымбаттайды. Расында да, екі жаққа да айтарлықтай қолайсыздық туа­ды. Ұлыбритания теңіз мұна­йынан айырылуы өз алдына, сүңгуір қайықтарына жаңа орын іздейді. Ол дегенің – миллиардтар. Басқасын айтпағанда, Шотландияның валютасы қандай болмақ – бұл да шешілмеген мәселе. Еуроға кіргізе саламын деп отырған Еуроодақ жоқ. Тіпті, бұл Одаққа кіруді Түркия мен Сербия сияқты жылдар бойы күтесің дейді. Парасаттылыққа жүгінгенде, Шотландия бөлінбеуге тиіс. Ұлыбританияның ол да, Англия, Уэльс сияқты бір бөлігі. Өзінің ұлттық ерекшеліктері бойында. Үкіметі де, парламенті де бар. Спорт әлемінде дербес мемлекеттей әрекет етеді. Бөлінсе ше? Сірә, біраз экономикалық, саяси беделінен айырылады-ау. Ұлы державаның тең құқықты бір бөлшегі болу кішігірім кү­мәнділеу әлеуеті бар еуропалық мемлекеттен жоғарылау көрінеді. Референдумға да көп қалған жоқ. Сірә, парасаттылық жеңетін шығар. Дін атын жамылған тағылық әрекет Осыдан бір ай бұрын Африканың ең үлкен елінің бірі – Нигерияда (халқы 130 миллионнан асады) бір мектеп қыздар ұрланып, әлі толық табылған жоқ. Бұл елден бұрын бүкіл әлем шулап жатыр. Бір-екі адам болса, бір сәрі-ау, 276 оқушы қыз. Осынша адамды ұрлаудың өзі, оны ұрлап жатқанда көрмей қалудың өзі, бүгінге дейін тығып ұстаудың өзі қиын-ақ. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 53 қыз қашып та шығыпты. Соған қарап та біраз жайды аңғаруға, жасырылған жерді жобалауға болмас па дейсің. Бірақ үкімет шын мәнінде дәрменсіздік танытып отыр. Ал «Боко Харам» дейтін қарулы исламистік топтың басшылары мен жасақшылары сол жасөспірімдерді қорлап, ойларына келгенді істеп жатыр. Ол жайында әртүрлі қауесеттер айтылады. Қыздар ұрланған жер елдің солтүстік-шығыс айма­ғындағы Борно штатындағы Чибок қаласында. Ұрлаушылар қыздарды көрші Камерун еліне әрқайсысын 12 долларға сатқан дейді. Барлық қыздарға ислам дінін де қабылдатыпты. Енді «Боко Харам» не жын дегенге келейік. Жалпы, Ниге­рияның халқы 250-дей ұлыстан тұрады. Әрине, фулани, хауса, йоруба, ибо, иджо сияқты ірілері де бар. Алдымен солар бір-бірімен жауласып жатса, олардың өзі әр дінге бөлініп тағы қырқысады. Елдегі халықтың 40 пайызы мұсылман, соншалықтысы – христиан. Сол «Боко Харам» Нигериядан бөлініп, елдің сол­түс­тік аймағында мұсылман мемлекетін құрмақ. Құрса, оны тағылық жолмен атқара ма екен? Саяси бағдар да бар шығар. Бірақ мынау қыз ұрлауға байланысты әрекеттері тағылықтан басқа еш нәрсе емес. Сол «Боко Харамның» қазіргі көсемі Әбубәкір Шекау қыз ұрлы­ғын мойындарына ала отырып, мынадай мәлімдеме жасайды: «Қыздар мектепте оқымауы тиіс, байға тиюі тиіс. Мен оларды Алланың ұйғарымымен сатамын, олар Алланың меншігі, мен Алланың шартын орындаймын». Мұндай сөзден кейін сол дінде не қадір қалады, оларды кім қолдайды? Мұны ислам дінін қорлау, Аллаға тіл тигізу демеске шараң жоқ. Мұндай тағылық жолмен де, ұғыммен де олар мемлекет құрып та оңдыра қоймас. Тіпті, парасатты жол ұстаған мұсылман елдерінің оларды қолдай қоюы да екіталай шығар. «Боко Харам» (хаусаша бұл «батыстық білімге тыйым» деген сөз көрінеді) жақында сол қыздарды өздерінің бұрыннан түрмеде жатқан жасақтарына алмастыру жөнінде ұсыныс жасапты. Үкімет оған келіспеген. Келісер болса, мұны олар әдет­ке айналдыратыны анық. Бұл жерде үкіметтің ұстанымын қолдағанмен, олардың әлі нақты да пәрменді әрекетке бара алмай отырғаны анық. Әйтпесе, екі жүзден аса адамды таба алмайтындай, ол ұсақ көзге көрінбейтін зат емес қой. Елде терроршылардың қа­ны­пезерліктеріне, сондай-ақ, үкіметтің дәрменсіздігіне нара­зылық шаралары өтіп жатыр. Жөн дерсің. Сірә, халық сол тағылыққа қарсы көтерілсе жақсы. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».