Намысқа тырысқан жас балуандардың ерлігін көргенде әлемдік додаларда жауырыны жер иіскеп қайтқан жігіттердің алдын орар батырлардың келе жатқанын аңдайсыз. Олар әлі бала, бірақ осы қарқынынан қайтпаса 23 жыл қоржынға түспеген алтынды қанжығаға салары анық. Бұл ойға спорт ардагері Сәдуақас Қожасбаевты еске алуға арналған дәстүрлі спартакиадада келдік.
Жыл сайын жастардың басын қосатын спорт додасы Сарқан ауданында өтті. Бұл игілікті іс-шара Қожасбаевтар отбасының демеушілігімен әрі аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Аталған спорттық жарысқа Жетісу облысының түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысынан 1000 спортшы қатысты. Жарыстың жалпы жүлде қоры 7 млн теңгені құрады.
Спартакиада бағдарламасына жасөспірімдер арасындағы еркін күрес және джиу-джитсу, қол күресі, ерлер арасындағы волейбол, ерлер мен ардагерлер арасындағы шағын футбол, сондай-ақ жалпы марафон түрлері кірді.
Айта кетер болсақ, Сарқан ауданында туып-өскен Қожасбаевтар отбасы ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы жобалар мен бизнес-жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдіріп, жерлестеріне әлеуметтік қолдау мен жастардың бұқаралық спортын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.
Мәселен, соңғы жылдары Қожасбаевтар отбасы Сарқан қаласында 8 спорт алаңын салып берді. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде кәсіпкер Руслан Қожасбаев меценаттықпен айналысып, өңірдің дамуына өз үлесін қосып жүр.
Жетісу облысы