• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қыркүйек, 2022

Abai IT-Valley технопаркі білікті IT-мамандармен толығады

433 рет
көрсетілді

Абай облысында адами капиталдың әлеуеті зор. Мәселен, өңірде IT-техно­логияны жетік меңгерген, бірақ бо­йындағы қабілетті толық аша алмай жүрген дарынды азамат көп. Өкініштісі, осы күнге дейін олар­дың басын біріктіретін орта­лық өңірде болмаған. Міне, осы олқы­лықтың орнын биыл Семей­ден ашылған Abai IT-Valley техно­паркі толтырады деген сенім мол.

Тың технология таңсық емес

«Цифрлар әлемді билейді». Грек ойшылы, әйгілі математик Пифагордың бұл сөзімен келіспеу қиын. Рас, қазір тек ғылым мен білімге басымдық беріп, технологияның тілін жетік меңгерген­дер ғана дүние жүзін өзіне қаратуға қауқарлы.

Қазақстан 2025 жылға қарай цифрлы саладағы қызметтер мен тауарлардың экспортын 500 млн долларға жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатта Мемлекет басшысы былтыр халыққа арнаған Жол­дауында елімізде 100 мыңдай жоғары білікті ІТ-маманын даярлау қажет екенін айтқан еді. «Қазіргі заманда бәсекеге қабілет­тіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру.

Қазақстан үшін заманауи цифрлы технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша ма­ңыз­ды. Біз шетелдегі стратегиялық серік­тес­­­терімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз.

Сонымен бірге отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елі­мізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет», деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Абай облысында жастардың тың технологияға бейіл болуы тегін емес. Көпшілік біле бермеуі мүмкін, әйтсе де Қазақстанда алғаш рет интернет дәл осы Семейде пайда болған. Айта­лық, 90-шы жылдардың басында се­мей­лік Relcom SL компаниясы ресей­лік «Релком» АҚ бірлесіп, Семей ядро­лық сынақ полигонының байланыс желі­сін Мәскеумен интернет арқылы хабар­ласуға пайдаланыпты. Отандық цифрлы коммуникацияның іске қосылу тарихы қысқаша осылай.

Мақсат – адами ресурсты дамыту

Ал Abai IT-Valley – IT-саласындағы адами ресурсты дамытуды көздеп отыр. Аталған технопарктің техникалық директоры Бауыржан Наурызбаевтың пікіріне сүйенсек, семейлік балалардың қарым-қабілеті өзге өңірдің жастарынан кем емес. Бірақ кәсіби білім деңгейі төмен. Неге десеңіз, заман талабына сай оқытатын мұғалімдер тапшы.

«Жоғары оқу орындарында акаде­мия­лық білім берілетінін ескерсек, оны аяқтайтын жастар көп жағдайда алған білімін пайдаланатын жерді таппай қи­налады. Академиялық білім – ғылым­мен тығыз байланысты. Мұндай білім алған жастар қайда барады? Зауыттар жоқ. Ірі компанияларға бара алмайды. Өйткені қалай барудың жолын білмейді, кәсіби дағды қалыптаспаған. CV мен түйін­демені ажырата алмайды. Екеуі бір бол­ғанымен айырмашылығы жер мен көк­тей. 2018 жылы жоғары оқу орны­на док­торантураға түсіп, информати­ка және математика кафедрасында сабақ бе­ріп жүрдім. Мұстафа есімді аза­мат­­пен танысып, екеуміз бір­лесіп IT-лабо­ра­торияны аштық. Оны ашу­дағы мақ­са­тымыз – балаларға компьютерді бұзып, қайта құрастыру дағдыларын мең­герту. Осылайша, олар цифрлы техноло­гиялардың құрылымын жатқа білетін болды. Ақырындап, оқу­шыларымыз 3D аппаратымен шы­ғар­машылық қабілеттерін таныта бас­тады. Робот құрастырып, есікті аша­тын электронды картаны әзірлеп шық­ты. Кафедраның ауқымында бұл айтар­лықтай нәтиже саналды. Өйткені жас­тар мұны тек теория жүзінде ғана біле­­тін. Біз оларға өз идеяларын жү­зеге асы­руға мүмкіндік бердік. Сон­дай-ақ ­ла­бораторияның жанынан бағ­дарла­малау мектебінің қызметі жолға қо­йылды. Біздің ерекшелігіміз, оқу тегін бол­ды. Онда АҚШ, Ресейде жұмыс істеген бағдарламашылар сабақ беріп жүрді», деді Б.Наурызбаев.

Tech Orda ынтымақтастыққа жол ашты

Осы технологиялық кластер ашы­лардан бұрын жоба авторлары IT-сала­сында адами капиталды дамытуға ба­ғыт­талған Tech Orda бағдарламасына қатысуды ұйғарады. Аталған бағдарлама кадрлар мен білім беру мекемелерінің ­дамуын ынталандырып, IT-секторда ­жеке тұл­ғалардың оқуын қаржыландыру­ды көздейді.

«Tech Orda бағдарламасы арқылы 100 грант берілетінін естіп, бағымызды сынап көруді шештік. Нәтижесінде, Оразалы Мұратов деген студентіміз грантты ұтып алды. Қалай ұтты деген­ге келсек, университетте конкурс жария­лап, оның көрсеткіштері қалған қаты­сушылардан өте жақсы болды. Сөй­тіп оны жоғарыдағы бағдарламаға ұсы­нып, бізге ваучер берілді. Демек 100 вау­чердің ішінен біреуі бізге бұйырды. Ора­залы қазір оқуын аяқтап, Өскемен қаласына жұмысқа орналасуды көздеп отыр. Біздің технопарктегі біраз өнімді 3D принтері арқылы осы Оразалы жасап шыққан.

Содан кейін Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мен Astana Hub IT-стар­таптар халықаралық технопаркінің бас ди­ректоры Мағжан Мәдиевпен жолы­ғудың сәті түсіп, олар бізді қолдауға да­йын екендерін жеткізді.

Семейде бұл саланы жетік білетін мықты азамат көп. Олардың дені еліміз бен шетелдік компанияларға жұмыс істеп жатыр. Бірақ өкінішке қарай, басы­мызды біріктіру қиынға соғып тұр. Сол үшін де Astana Hub-пен жұмыс істеп, олар бізге No code school-ды ашу­ға көмек­тесті. Сондай-ақ Назарбаев зият­кер­лік мектептерінің оқушыларына арнал­ған бағдарламаларды да бізге бер­ді. Оқу­шыларымыз үшін бұл керемет же­тістік бол­ды. Біздің платформамыз ашық, себе­бі осы қалада барлығын оқы­тамыз деген мақ­сатты алдымызға қой­дық. Яғни жас­тарға осы салада өз қа­бі­леттерін танытуға мүмкіндік бере­міз», деді Abai IT-Valley-дің негізін қалау­шылардың бірі. 

Абай есімі заманауи трендке айналды

Abai IT-Valley технопаркінің ресми ашылуы жаңа Абай облысының құры­луымен тұспа-тұс келгенін айта кет­кен орынды. Мұндай сәйкестікке өңірлік технопарктің өкілдері дән риза болғандарын айтты.

«Өңірлік технопаркті құру әрда­йым ойымызда жүретін. Алайда белгі­ленген тәртіпке сәйкес оны облыс орта­лық­тарында ғана ашуға болады. Alikhan Bokeikhan University-не Асхат Бей­сем­баев есімді азамат келіп, оның қол­дауымен технопаркті құру бойын­ша үлкен жобаны қолға алдық. Облыс мәр­тебесі берілгенін естігенде қат­ты қуан­дық. Өйткені сәуірде бізде техни­калық ашылу болды. Бұл бізге қан­дай мүм­кіндіктер берді? Біріншіден, облыс­тың құрылуы бізге Astana Hub-тың өңір­лік өкілдігін ашуға жол ашты. Демек бағ­дарламалау мектебінен технологиялық кластерге дейін трансформация жасалды. Асхат Бейсембаев осы технопарктің жобалық менеджері», деді Б.Наурызбаев.

Ұлттық идеологияға негізделген стартап

Қазір технологиялық кластерде 7 адам жұмыс істеп жатыр. Техникалық ашы­лудан кейін бірнеше стартап та пайда болды. Біріншісі – аграрлық салаға қатысты, екіншісі – балаларға арналған ойыншықтар. Екеуі де өңірді дамытуға арналған. Яғни Astana Hub-пен жұмыс істеудің тағы бір артықшылығы – стартап дайындау. Стартап – егер де бір жоба жүзеге асып жатса, оның өзі бір фирма, дейді технопарктің өкілдері.

«Ойыншықтарға байланысты стар­таптың басты идеясы – жас ұрпақты пат­риоттық рухта тәрбиелеу. Мысалы, қазір балалар көбінесе америкалық ко­микстердің негізінде жасалған ойын­шық­тармен ойнап, соларды қаһарман санайды. Сонда біздің ұлттық батыр­ла­рымыз жоқ па? Неге осыны қолға алып, жүзеге асырмасқа деген ой кел­ді. Сондықтан «Батырлар» деген жоба іске асырылып жатыр. Дайын ойын­шық­тарды қаладағы балабақшаның біріне тапсырдық, балалардың қызығушылығы бар. Сұраныс жоғары. Бірінші кезеңде батырларды тек бояп, ойнау ғана көз­делсе, екінші кезеңде конструкторды құрау көзделеді», деді Abai IT-Valley тех­нопаркінің техникалық директоры.

10-сыныптың оқушысы Аяжан Сай­лау өз келешегін IT-саласымен байла­ныс­тырып отыр. Оның айтуынша, бұл күн­нен-күнге қарқынды дамып жат­қан саланың бірі. Сол себепті ол өз мүм­кіндігін осы бағытта пысықтап көруді жөн деп тапқан.

«Бұл технопарк жайлы әлеуметтік желі арқылы біліп, өзімді жаңа бағыт­та сынап көруді шештім. Маған бағдар­ламалау процесі, осындағы білім беру тәсілі ұнайды. Себебі оқытушылар бар­лығын түсі­нікті тілде жеткізеді. Осы жер­дің тағы бір артықшылығы, қажетті дағды­ларды 3 тілде меңгеріп келеміз. Мұндағы заманауи құрал-жабдықтар жаңа үрдістерден қалыс қалмауға мүм­кін­дік беріп отыр. Қазір Java-бағдар­ламалаудың тілін үйренудеміз. Егер де болашақта IT-маманы болып жатсам, алған білімім кәдеге жарайды деп үміттенемін», деді А.Сайлау.

Ақпараттық қауіпсіздік инженері Батухан Бәйдібек те Abai IT-Valley-де білмегенін үйреніп, білгенін жетілдіріп жатыр. Ол бағдарламалаудың кәсіби маманына айналуды мақсат етіп отыр.

«Бағдарламалауға қатысты білімім жоқ емес. Әйтсе де заман бір орында тұрмайды. Оның үстіне IT-саласында жаңалықтар күн сайын жаңарады десем қателеспеймін. Мұнда білімімді шыңдап, тәжірибе жинақтағым келеді. Неге десеңіз, алдағы уақытта бағдарламалау бағытында толық, еркін жұмыс істеуді көздеп отырмын. Кәсіби біліміңді шың­дайтын мұндай курстар жоқтың қасы. Сон­дықтан осы технопарктің ашыл­ғанына қуаныштымын», деді Б.Бәйдібек.

Семейдегі технопарк IT-дің қыр-сы­рына 100-ден аса баланы үйретуге қау­қарлы. Таяу келешекте аталған тех­нологиялық кластердің ұжымы облыс­та Киберспорт қауымдастығын құруға бекініп отыр. Өйткені бұл үлкен бағыт, заманауи үрдіс саналады. Киберспортта дарынды жастар дронды басқаруға да және бағдарламалауды да тез игеруге икемді келеді, дейді семейлік IT-мамандар.

 

Абай облысы