• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Қыркүйек, 2022

Күннен қуат алатын жоба

907 рет
көрсетілді

Мұнайлы өңірге инвестиция салуға шетелдіктер қызығушы­лығы артып келеді. Мәселен, мажарстандық Globalia компаниясының директоры Габор Шаги Атырау облысында күннен энергия алу жобасын ұсынып отыр.

Облыс әкімі Серік Шәп­кеновтің мәліметіне сүйенсек, биылғы алты айда Атырау облысының Мажарстанмен ішкі сауда айналымы 894 мың долларға жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 440 мың долларды, импорттың үлесі 454 мың долларды құрады.

Әкім мен мажарстандық инвестор осы кезге дейінгі экономикалық, іскерлік байланысты бекемдей түсудің ықтимал бағыттарын талқылап, ортақ мүддені көздеуді мақсат етіп отыр. Соның дәлеліндей, мажар инвесторы Атырау облысында қуаты 100 МВт болатын күннен қуат алу паркін іске асыру идеясын ұсынды.

– Атырау облысының эколо­гиялық ахуалы көңіл бөлуді қажет етеді. Осы орайда күннен қуат алу жобасының маңызы зор. Оған қажетті су көзін «Сасықсай» булану алаңынан алуды ұсынғым келеді. Қазір облысқа қарасты кейбір аудандар электр желісін көршілес Ресей Федерациясынан алып отыр. Оны өз балансымызға алу үшін бірнеше шақырым желі тартып, бекет орнату қажет. Осы жоба аясында 20 мВт-тық индустриялық саябақ салған әлдеқайда тиімді болар еді. Сол себептен, біздің тарапымыздан бұл жобаға қажетті қолдау көрсетіледі, – деп мәлім етті С.Шәпкенов.

Шетелдік инвестордың айтуынша, экологиялық таза энергиямен қамтамасыз ететін «Күн сәулесінің көмегімен сутегі генераторы арқылы жасыл энергия алу» жобасының тиімділігі көп. Өйткені қаланы үздіксіз электр энергиямен жабдықтаудың баламалы нұсқасы – сутегі генераторы.

– Оған қажетті энергия күннен қуат алу саябағы немесе жел электр стансалары арқылы өндіріледі. Электролиз кезінде алынған сутегі газын шағын электр құрылғыларына, автокөліктерге, оның ішінде автобустарға, тіпті үлкен электр қондырғыларына қуат беру үшін пайдалануға болады. Сутегі генераторына жанар-жағармай генераторларымен бірдей отын жұмсалса да ұзақ жұмыс істейді, – дейді Габор Шаги.

 

Атырау облысы